Шығыс Қазақстанда 1628 спорт нысаны бар

Шығыс Қазақстан облысында жалпы саны 1628 спорт нысаны бар. Оның 439-ы дене шынықтыру-сауықтыру бағытындағы мекеме, 138-і спорт мектебі, ал 1051-і білім беру ұйымдарының базасындағы спорттық нысандар. Бұл мекемелердің 60 пайыздан астамы ауылдарда орналасқан.

Қазіргі уақытта өңір бойынша 8 спорт нысанының құрылысы жалғасып жатыр. Биылдың өзінде 3 заманауи спорт кешені пайдалануға беріліп, 19 балалар футбол алаңы салынды.
Бұдан бөлек, түрлі бағыттағы спорт нысандарын салу және жобалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. UEFA талаптарына сай III санаттағы жабық футбол стадионының, Республикалық ұлттық теннис академиясының көпфункционалды спорт кешенінің және республикалық маңызы бар спорттық-сауықтыру орталығының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.


Сондай-ақ Риддер мен Зайсан қалаларында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Өскеменде Волейбол орталығын салу бойынша жобалар дайындалған.
Шығыс Қазақстанда 17 спорт бойынша 4400 бала тегін үйірмелерге қатысады. Жалпы облыста 80 спорт түрі дамып келеді. Оның 36-сы олимпиадалық спорт түрі.

Айта кетейік, бүгінгі Үкіметінің отырысының күн тәртібінде спорттық инфрақұрылымды дамыту және бұқаралық спортты қолдау мәселесі қаралып, Премьер-министр Олжас Бектенов инвесторларды тарту және ауылдық жерлерде жаттықтырушылар санын арттыруды тапсырған еді.
Жанель Жанболатқызы



