Басты жаңалықҚоғам

Шығыс Қазақстанда жылу беру маусымы басталды

Облыс аумағында күн-райының салықындауына байланысты 1-қазаннан бастап жылыту маусымы басталды. Қазір орталықтандырылған жылуға Өскемен мен Риддер және өңірдің солтүстік аудандары қосылды. Қалған аудандарда жылу кезең-кезеңімен беріледі.

Өңірдегі денсаулық сақтау, білім беру, мектепке дейінгі  және өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандардың барлығы жылуға бұған дейін қосылған. Облыстағы 190 автономды және 33 орталықтандырылған қазандық жылыту маусымына толықтай әзір. Оларды қосу температуралық кескеге сәйкес жүргізіледі.

Биыл облыстағы 52,8 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылып, жалпы ұзындығы 537 шақырым электр желілері және 39 қосалқы, 55 трансформаторлық қосалқы станция күрделі жөндеуден өтті. Апаттың алдын алу мақсатында 243 шақырым электр желілері бойында орналасқан ағаш бұтақтары кесілді. Бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады.

Бүгінде облыстағы 3 жылу электр орталығы түгел жұмыс істеп тұр. Риддер қаласындағы орталықтың жылыту маусымына дайындығына баса назар аударылған. Онда ауқымды жөндеу жұмысы жүргізіліп, қажетті қуат резерві жасалды. Биыл жылу желілерінің жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын 23 учаскесі жөнделді.

Инженерлік желілер мен жылу көздерінде техникалық ақаулар туындаған жағдайда коммуналдық қызметтер мен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, бекітілді. Апаттық бригадалар құрылып, қажетті арнайы техникамен және материалдармен қамтамасыз етілді.

ҚР Энергетика министрлігімен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Қаражыра» АҚ-мен бірге өңірге отынның уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету бойынша жұмыс қолға алынған. Қазіргі таңда бюджеттік ұйымдар отынмен толық қамтамасыз етіліп, халық үшін 332,4 мың тонна көмір (жоспарланған көлемнің 73%-ы) дайындалды. Көмір бекітілген кестеге сәйкес жеткізіліп келеді. Барлық жылу көздерінде көмірдің нормативті қоры, яғни кем дегенде 20 тәулікке жететін 424,4 мың тоннасы бар. Жергілікті атқарушы органдар көмірдің жеткізілу барысын күнделікті бақылап, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша тиісті жұмысты жүргізіп жатыр.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button