Шығыстағы жедел жәрдем паркі 40-қа жуық көлікпен толықты

Шығыс Қазақстан облысының жедел жәрдем автопаркі 36 жаңа заманауи автокөлікпен толықты – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Автопаркке С класындағы 4 реанимобиль және В класты 32 автокөлік жеткізілді. Барлық көлік заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтылған, әрі тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетеді. Жедел жәрдем көліктері шұғыл шақыртуларға барумен қатар, ауыр жағдайдағы науқастарды тасымалдауға да арналған.
Автопарктің жаңаруы жедел жәрдем бригадаларының шақыртуға жету уақытын қысқартып, қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жаңа көліктердің кілттерін бүгін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудандық жедел жәрдем бөлімшелерінің жүргізушілеріне салтанатты түрде табыстады. Өйткені дәл осы жандар күн сайын медициналық бригадалардың жедел әрі қауіпсіз қызметін қамтамасыз етіп келеді.

Жедел жәрдем қызметкерлері күн сайын 600-ге дейін шақыртуға шығып, диспетчерлер мыңға жуық қоңырау қабылдайды. Әр санның артында – адам тағдыры, көмекке деген үміт бар. Жаңа автокөліктер медицина қызметкерлеріне науқастарға жедел жетуге, қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда жұмыс істеуге және ең бастысы, адам өмірін құтқаруға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, авто көліктер Алтай, Глубокое, Зайсан, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Күршім, Марқакөл, Самар, Тарбағатай, Шемонаиха аудандары мен Риддер қаласындағы бөлімшелерге берілді. Ал облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі 2020 жылы жаңартылған болатын.
Minut.kz



