Шығыстағы шаруалар шыр-пыр болып жүр

Шығыстағы шаруалар үшін үкімет 2020 жылы «жарылқап» берген күн панельдері бүгін кәсіпкерлердің мойнына қамыт болып ілінді – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Электр желісі жетпеген қияндағы қыстақтарға субсидиямен келген қондырғылардың жыры алты жылдан соң қайта қозғалды. Енді шенеуніктер қазына қаржысынның 20 пайызын қайтаруды талап етіп жатыр. Оған келіспегендердің есепшоттары бұғатталып, тіршілігі тұралап қалған. Енді қожалық иелері мемлекеттің «қамқорлығы» қалайша қарызға айналғанын білмей дал.
Күннен қуат алатын мына панельдер 2020 жылы шығыстағы шаруалар үшін нағыз «өркениеттің шырағындай» көрінген. Өмір бойы май шамға телмірген малшылар үкіметтің бұл сиын қуана қабылдап, алғысын жаудырған еді. Бірақ сол қуаныштың соңы бүгін «суық сотқа» ұласты. Құны 3100 мыңға бағаланған қондырғылар үшін әр қожалықтан тауар құнының 20 пайызын қайтару талап етіліп жатыр.

Сыртымыздан сот болып, ешқандай сотқа шақырусыз экономикалық сотпен есепшоттардың бәрі бұғатталған. Бұл негізі қазіргі Абай облысы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 395 шаруа қожалығының мұң-мұқтажы, – дейді Күршім ауданындағы «Қайрат» Шаруа қожалығының жетекшісі Қайрат Құрманғалиев.
Қожалық иелері, басты шикілік – сот процестеріне өздерінің шақырылмауы деп санайды. Жауапкер ретінде бірде-бір кәсіпкер сот залына бармаған. Ал 2023 жылы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мен қондырғыларды жеткізген компания директорына қатысты қылмыстық іс қаралып, күдіктілер сотталған. Қазір экс-шенеунік жазасын өтеп, бостандыққа шығып та қойды. Бірақ қылмыстық істе мемлекетке келген шығынды нақты кім өтеуі тиіс екені ашық күйінде қалған.

Соттың үкімінде не қаулысында бұл сумма көрсетілмеген. Кімнен қарастыру керек? іздестіру керек? Ол сумма көрсетілмеген де енді қазіргі таңда сол қаражаттың бәрі шаруа қожалықтарының қалтасынан алып жатыр, – деді Заңгер Ақерке Шестаева.
Кәсіпкерлердің құқын қорғауды қолына алған заңгердің уәжі де салмақты. Күн панельдері нарықтағы бағадан өте қымбатқа жеткізілген. Оның үстіне «сапалы» деп берілген тауардың істен шыққандары да көп. Тіпті кей өңірлерде әлі қосылмаған күйі тұрғандары да бар дейді. Соған қарамастан, тікелей қаржы бөлдірткен мекеме басшысы мәселе сотта ғана шешіледі деп қысқа қайырды.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қаджыбекова: – Лизинг келісім шартына қол қойылған. Алайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бұл алдау, қолымызды қоймадық, тіпті кей жерде мүлдем қол қойылмағанын айтуда. Бұл жағдайда мұның бәрі сот арқылы шешілу керек.
Ендігі үміт – аппелациялық сотта. Шаруалар да шағым жасап, әділдікке жетуге бекінген. Әйтпесе, шырылдап жүрген 400-ге жуық шаруа мойнымызға негізсіз ілінген 1 миллиардқа жуық ақшаны қайтара алмаймыз дейді. Айта кетейік, дәл осы жағдай көрші Абай облысындағы қожалықтарда да қайталанып жатыр.
Minut.kz



