Басты жаңалықҚоғам

Талғардағы шулы іске қатысты Хасан Қасымбаевқа қатысты үкім шықты

Талғарда «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі ретінде танылған Хасан Қасымбаев 12 жылға сотталды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейді – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Сонымен бірге оның ісі бойынша айыпталған Сайлау Ақжанов, Данияр Асқаров, Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов және Нұрмұхамет Сұлтанбековтер 8 жылдан 22 жылға дейін сотталды.

Олардың бәріне адам ұрлау, қасақана ауыр жарақат салу және қорқытып ақша алу секілді Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған.

Қасымбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамай, істің қолдан жасалғанын айтқан болатын. Бұған дейін ол тергеу мен сот кезінде көптеген заң бұзушылықтар болғанын айтып, ақтауын сұраған еді.

Сот отырысы ашық режимде өткенімен, бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірқатар шектеу қойылды: журналистер сот отырысын көршілес кабинеттен бейнетрансляция арқылы бақылады.

Еске салайық, тергеу дерегінше, 2016 жылдың 16 тамызында Қасымбаев Сыдықжанов және Мұқашев есімді таныстарымен алдын ала келісіп, Талғар ауданында жер телімдерін сатумен айналысқан кәсіпкер Тәжіевті қорқытып ақша бопсалауға шешім қабылдаған.

Олар Тәжіевті Алматыдағы «Кенжехан» базарының маңында кездесуге шақырып, көлікке отырғызған. Жолда Талғар қаласына беттегенде, Қасымбаев жол шетінде күтіп тұрған. Сол жерде ол Тәжіевтің кеудесіне соққы беріп, Мұқашев бүйрегі мен бауырына бірнеше рет ұрған. Қорқытылған кәсіпкерден 1 миллион теңге талап етілген.

Кейін оны Талғардағы мейрамхананың VIP-залына апарып, қайта соққыға жыққан. Жәбірленуші есінен танып қалған. Кейін есін жиғанда, ақша беруге мәжбүр болған. Қасымбаев бұған дейін атышулы «Хуторлықтар» деп аталған қылмыстық топтың жетекшісі ретінде аталған. Бұл атау 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімімен байланысты резонансты істен кейін тараған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button