Тоқаев Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасына қолдайды
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Иранға жалпы құны кемінде 200 миллион доллар болатын тауар тасымалдауға дайын екенін айтты – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Келіссөз барысында сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастық перспективасы қарастырылды.

Өзара тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Дегенмен сауда-саттықты әртараптандыру мәселесін ойластыру керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, медицина және озық технологиялар салаларындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасына қолдау білдіріп, Іскерлік кеңестің жұмысын жандандырудың, Қазақстан-Иран бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін толық пайдаланудың маңызын атап өтті.
- Жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 17,8 миллион доллар тікелей инвестиция салған.
- Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауытын, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдеу комбинатын ашу секілді жобаларға белсене атсалысып жатыр.
- Қазақстан бизнесмендері де Иран нарығында бірқатар жобаны жүзеге асыруда.
- Тараптар Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі мен Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолының әлеуетін одан әрі арттыруға мүдделі екенін жеткізді.
- Биылғы 10 айдың нәтижесі бойынша аталған бағыттармен тасымалданған жүктің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға артқан.
- Президенттер аймақаралық байланысты күшейту үшін көлік-транзит жолдарын одан әрі әртараптандыру, әсіресе, Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын бірлесе дамыту мәселелерін талқылады.
- Бұдан бөлек, келіссөзде ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды іске асыру перспективасына назар аударылды.
Жанель Жанболатқызы



