Туристік бағыттағы 114 шақырым жол жөнделеді

Биыл Шығыс Қазақстан облысында туристік бағыттағы 110 шақырымнан астам жол жөнделеді – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында жол саласын дамытуға қатысты баяндамысында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов айтты.

Облыста елді мекендер мен туристік рекреациялық аймақтарға апаратын кірме жолдарды қанағаттанарлық жағдайға келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94 пайызды құрайды. Өткен жылы ауылдарға апаратын 90 шақырым кірме жолға, негізгі туристік аймақтарға жеткізетін 160 шақырым жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілді, – деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, биыл туристік бағыттар бойынша 114 шақырым жолды және елді мекендерге апаратын 100 шақырымнан астам кірме жолды жөндеу жоспарланып отыр.
Шемонаиха қаласына кіреберістегі Үбі өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жобасы әзірленген. Сонымен қатар, Өскемендегі Ертіс өзеніне салынатын көпір құрылысы бойынша жоба дайындалып жатыр. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шілде айында дайын болмақ.
«E-Joldar» платформасын іске асыру аясында облыстық маңызы бар автокөлік жолдарына цифрлық паспорттар әзірленді. Биыл бұл жұмыс аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көше-жол желісінде жалғастырылмақ. Сондай-ақ 2026 жылы ауыспалы жобаларды іске асыруды жалғастыру және өңірдің 300 шақырымнан астам көлік жолы мен көшелерін қамтитын жаңа жобаларды іске қосу да жоспарланған.
Жанель Жанболатқызы



