Түрмеге тиым салынған зат кіргізбек болған күдікті ұсталды

Өскеменде ұландықтар түрмеге тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 16 ақпан күні сағат 19:30 шамасында №22 түзеу мекемесінің кезекші бөліміне іргелес аумаққа тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған азаматтың ұсталғаны туралы хабарлама түсті.
Аталған оқиға республикалық «Заслон» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталған. Ұлттық ұланының 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мекеме қызметкерлерімен бірлесіп, №1 учаске маңындағы аумақта күдікті азаматты тыйым салынған заттарды лақтыруға әрекет жасаған сәтінде ұстады.
Жеке тексеру барысында ұсталған азаматтан өзіне тән иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған екі түйіншек және қуаттағыш құрылғысымен бірге «Altel 5G» Wi-Fi роутері тәркіленді.
Аталған дерек бойынша тиісті процессуалдық шаралар жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Minut.kz



