Басты жаңалықЭкономика

Зайсандағы әуежай құрылысы биыл жазға дейін пайдалануға беріледі

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданындағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Аймақ басшысы жұмыс сапары аясында Зайсан ауданындағы бірқатар маңызды әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралады. Сәтбай ауылында салынып жатқан әуежайдың құрылыс алаңында болды.

Сурет ШҚО әкімінің ресми парақшасынан алынды

Жоба өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

  • Атап айтқанда, ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолағы, салынып жатқан жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайтын аэровокзал ғимараты және аэродром кешенінің өзге де нысандары көрсетілді.
  • Аталған жобаны іске асыру нәтижесінде алдағы уақытта Қытайдың Үрімші қаласына, Алтай аймағына халықаралық әуе рейстерін және Астана, Алматы және Өскемен қалаларына ішкі әуе қатынастарын ашу көзделіп отыр.
  • Әуежай өңірлік санаттағы әуе кемелерін қабылдай алатын болады.
Сурет ШҚО әкімінің ресми парақшасынан алынды

Сонымен қатар, облыс әкімі Жарсу ауылында ашылған спорт модуліне барды. Нысан Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша бой көтерген.

Спорт модулінің ғимараты бірқабатты. Оның құрамына ангар типтес спорт залы мен әкімшілік-тұрмыстық блок кіреді. Нысан спорт ойындарымен және күреспен айналысуға арналған. Спорттық кешеннің бір ауысымдағы өткізу қабілеті – 28 адам, ал тәулігіне жалпы 84 адамға дейін қызмет көрсете алады.

Модульде киім ауыстыратын бөлмелер, душ, санитарлық және қосалқы үй-жайлар қарастырылған. Мұндай жобаларды жүзеге асыру Зайсан ауданындағы көлік, спорт және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Осындай нысанның салтанатты ашылуы Айнабұлақ ауылында да жоспарланған. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов бүгін бұл елді мекенге де баруды жоспарлап отыр.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button