Зейнетақы қаржысымен пластикалық ота жасатуға тиым салынды

Бүгіннен бастап зейнетақы қаржысын пластикалық ота жасатуға жұмсауға тыйым салынды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
БЖЗҚ қаражатын пластикалық операцияларға пайдалану үшін өтінім қабылдау 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап тоқтатылады. «Отбасы» банк мұндай өтінімдердің саны бойынша күрт өсімді байқaған.
Желтоқсанның алғашқы 8 күнінде офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін, пластикалық оталарға БЗҚ пайдалану бойынша 2093 өтініш түсті. Бұл – бұрынғы айлық орташа көрсеткіштен 130 есе көп, – деп мәлімдеді «Отбасы банк».
Желтоқсан айындағы өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге жеткен. Қазіргі уақытта пластикалық операцияларға БЗҚ қаражатын пайдалану бойынша 6 294 өтінім қаралып жатыр.
Айта кетейік, қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін келесі мақсаттар үшін пайдалана алады:
- сирек (орфандық) ауруларды емдеу;
- радионуклидтік және радиойод терапиясы;
- радиохирургиялық емдеу;
- протондық терапия;
- тұрғын үй жағдайын жақсарту (тұрғын үй сатып алу, ипотеканы толық немесе жартылай өтеу, Отбасы банктегі депозитті толықтыру).
Жанель Жанболатқызы



