Шығыста соңғы 5 жылда 10 ауыл таратылды

Шығыс Қазақстан облысында 3 бірдей ауыл картадан жойылды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Мұндай шешімді облыстық мәслихаттың депутаттары халық санының азаюына байланысты қабылдаған. Өңірде жалпы соңғы 5 жылда 10 ауыл таратылған. Тағы 32 елді мекеннің болашағы бұлыңғыр.
Бұл жолғы оңтайландырылған ауылдар Катонқарағай, Глубокое және Үлкен Нарын аудандарында орналасқан. Қазіргі қолданыстағы әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңға сәйкес, халық саны соңғы 3 жылда 50 адамнан аспаған. Сол үшін ауыл мәртебесінен айырылды.

Бұл жерде ауылды оңтайландыру – ауылды жою деген сөз емес. Оның халқы ешқайда көшірілмейді. Сол қалпы баяғыдай өмір сүре береді. Ауылдың шекарасы өзгертіліп, жақын маңдағы ауылдың құрамына енгізіледі, – ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Альбина Уақбаева.
Ауыл аты жойылған соң, ондағы көптің көңілі алай-дүлей күйде. Құжат бойынша көрші ауылға қосылғанмен, бұрынғыдай болмайды – дейді. Оншақты жыл бұрын Тарбағатай, Күршім секілді аудандардағы жабылған ауылдардан Өскеменге көптеген отбасы көшіп келді. Үйді несиеге алып, біраз қиындыққа тап болғандарын айтып отыр.

Шынын айтқанда бізді алғаш келгенде электр энергиясы қинап жіберді. Ай сайын 200-180 мың төлейміз. Сонан пеш салдық. Содан кейін төлем азайды. Өзімізде жұмыс та болған жоқ. Не дұрыс ыңғайлы жұмыс табылмады. Анда жібереді, мында жібереді. Өте қолайсыз болды, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Шынар Қалдырова.
Ал сарапшылардың пікірінше, ауылды оңтайландыруда немесе жабуда әлеуметтік және экономикалық маңызын терең зерттеу қажет. Кейін сол картадан жойылған елден көшкен халықтың болашағын ескеру өте маңызды. Өйткені, жабылған ауылдардан көшірілген азаматтардың барлығы бірдей жерсініп кете алмайды.

Егер балалар болса қажетті инфрақұрылым болуы шарт. Яғни ол аурухана, мектеп. Егер қарт кісілер болса, оларға әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Жұмысқа орналастыру үшін еңбекке жарамды адамдардың саны маңызды, – дейді сарапшы Жанна Әубәкірова.
Жалпы шығыста 105 ауылдық округ және 351 ауыл мен кент бар. Ал болашағы бұлыңғыр елді мекендер Шемонайха, Алтай, Күршім секілді аудандарда. Марқакөл, Катонқарағй сияқты шекарадағы өңірлерде адам санының азайып бара жатқаны талай жылдан бері айтылып жүр. Соңғы жылдары оңтүстік облыстардан отбасыларды арнайы бағдарламамен көшіріп әкелгенмен нәтижесін әлі бермей тұр.
Minut.kz



