«Азия Авто» зауытында ауыл шаруашылығы техникасын шығару қажет
«Азия Автоның» өндірістік қуатын ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға бағыттау қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Серік Ерубаев жасады – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Дамыған ұлттық автомобиль өнеркәсібі, индустриялық тұрғыдан өркендеген және технологиялық жағынан бәсекеге қабілетті мемлекеттің айқын маркері болып саналады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз автомобиль өндірісін қалыптастыруға бірнеше рет талпыныс жасады. Алайда, бұл бағыттағы нәтижелер соңғы жылдарға дейін көрсетілген мемлекеттік қолдаудың көлеміне сай келмей отыр. Оның ең көрнекті мысалдардың бірі — Өскемендегі «Азия Авто» жобасы мен индустриялық алаңға қатысты қалыптасқан жағдай. Көп жылдар бойы аталған кәсіпорын салықтық жеңілдіктер, кедендік преференциялар және индустриялық субсидиялар сияқты елеулі мемлекеттік қолдау алып келді. Ашық дереккөздерге сәйкес, мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі жүздеген миллиард теңгеге бағаланған. Дегенмен, компания нақты өнеркәсіптік локализацияға көшпеді, толыққанды терең қайта өңдеу зауытын салу бойынша міндеттемелерін орындамады және іс жүзінде ұзақ уақыт бойы тек «отверткалық» құрастырумен шектелді, — деді депутат.
Оның дерегінше, «Азия Авто» компаниясына компоненттерді импорттау кезінде 75 млрд теңге, дайын өнімді өткізу кезінде 122 млрд теңге қосымша құн салығынан, 99 млрд теңге кеден төлемдерінен босатылған. Сонымен қатар кәдеге жаратудан 65 млрд теңге иемденген. Осылайша, барлық жеңілдік мен преференциялардың жалпы көлемі 361 млрд теңгені құраған.
Minut.kz



