Шығыстағы орманшыларға қызметтік көліктер берілді
Еліміздің орман қорының 40 пайызы шоғырланған Шығыс Қазақстан облысындағы орманшыларға жаңа қызметтік көліктер берілді – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Өңірдегі орман шаруашылықтарына жаңа өрт сөндіру көліктері, «Беларусь» тракторлары, орман өртін сөндіретін шағын кешендер, автокөліктер мен мотоциклдер тапсырылды. Бұл техникалар орманды қорғау үшін, өрттің алдын-алуға, өрт шыққан кезде жедел әрекет етуге және орманды қалпына келтіру жұмыстарына пайдаланылатын болады.

Осы техникалар сіздердің жұмыстарыңызда сенімді серік болып, орманымызды қорғауға көмегін тигізсін. Бұл қадам еңбек жағдайларын жақсартуға және Шығыс Қазақстанның орман қорын қорғауға бағытталған. Сіздерге қауіпсіз қызмет тілей отырып, келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын!, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Айта кетейік, соңғы жеті жыл ішінде бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асатын 107 техника сатып алынған. Ал биыл Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы шамамен 4 млрд теңгеге 122 техника және облыстық бюджет есебінен 240 млн теңгеге 16 жоғары өтімді арнайы техника алынды. Бұдан бөлек, демеушілік қолдау да көрсетіліп жатыр.
Жанель Жанболатқызы



