Басты жаңалықЭкономика

Мен Мемлекет басшысы ретінде жауапкершілікті өз мойныма аламын

Реформаларды қолға алынған кезде жұртшылық оны көп жағдайда түсінбей, қабылдамай жатады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Бұл туралы Мемлекет басшысы – Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтты – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Сурет Ақорданың ресми парақшасынан алынды

Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта реформаторлардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қалып жатады. Бірақ, Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жерде тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін реформаларды қалайда жүзеге асыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Азаматтарымызға зияны тимеуі үшін қыс мезгілінде тарифтерді өсіру әкімшілік тәсілдер арқылы уақытша тоқтатылды. Сонымен бірге, Үкіметке бюджет қаржысын барынша тиімді пайдалану міндеті жүктелді. Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайды, бұл инфляцияны күшейтіп жібереді. Қатаң бюджеттік тәртіп керек. Қаржы ресурстары мемлекетке қажетті жобаларға ғана жұмсалуға тиіс. Былтыр қараша айында Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, үш жылдық бағдарлама қабылдады. Құжат азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін инфляцияны төмендетуге арналған.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» түсіп қалғанын дұрыс байқап отыр. Ашығын айтайын, бұл – экономика туралы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азаматымыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы. Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ, оның бәрін инфляция жеп қояды немесе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тірлікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауырып қалу немесе жұмыстан айырылу секілді кез келген көлденең кедергі тұрмыстағы тұрақтылықты бұзып жіберуі мүмкін, – дейді Мемлекет басшысы.

Қазір экономиканың құрылымы өзгеріп жатыр. Дегенмен, өзгеріс қарқыны баяу. Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөздің жаны бар. Соған қарамастан, экономикамызда теңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салу керек. Президент бұл жағдайды білетінін, оны жұрттан жасыратын ойы жоқ екенін айтты. Мұндай қиындықты көптеген мемлекет басынан өткеріп жатыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін міндетті түрде шешеміз. Ол үшін нақты жоспар бар.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button