Қоғам

5G желісі еліміздің 20 қаласында қолжетімді

2027 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Вице-премьердің айтуынша, Президенттің азаматтардың цифрлық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде алдағы екі жылда 3 мыңнан астам ауыл интернетке талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қосылатын болады.

Бұл ел халқының 99 пайызын сапалы байланыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі үйлерге оптика желісін жеткізу бойынша «соңғы миль» жобасы жүзеге асырылуда.

Жаслан Мәдиев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі

Осы жоба аясында 400 мыңға дейін үй шаруашылығына оптика құрылысы көзделіп отыр. Қосымша 2,5 млн адам қамтылады. Әкімдіктерден оптикалық кабельді ілу үшін электрмен жабдықтау тіректеріне қолжетімділікті ұйымдастыру талап етіледі, – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Жалпы бүгінгі таңда 5G желісі еліміздің 20 қаласында қолжетімді. Биыл осы қалалар аумағының 75 пайызына дейін қамту үшін жаңа 5G базалық стансаларын орнату жұмыстары жалғастырылатын болады. Сондай-ақ автожолдарды мобильді байланыспен қамту бойынша жоба іске қосылды. Бұл республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды құрайды.  Жобаны алдағы екі жылда аяқтау жоспарлануда.

Бұдан бөлек, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін Әзербайжанға дейін байланыс желісін салу жөніндегі ірі халықаралық жобаны жүзеге асыру басталды. Каспий теңізінің түбіндегі оптикалық кабельдің құрылысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button