Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасына қатысты мораторий әлі күшінде
Энергетика министрлігі бензин бағасы Ресейдегі жанармай бағасымен теңеседі деген ақпаратқа түсініктеме берді – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Ведомство қазіргі уақытта Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасын көтеруге мораторий күшінде екенін еске салды. Бұл шара инфляцияны тежеу үшін енгізілген. Министрлік жанармай бағасы күрт қымбаттамайды деп сендірді.
2027 жылдан бастап ЕАЭО аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бұл басқа елдермен бағаны бірден және автоматты түрде теңестіру емес, заңнаманы үйлестіру процесі. Интеграциялық қадамдар кезінде басты басымдық Қазақстан азаматтарының ұлттық мүддесі мен әлеуметтік жағдайына басымдық беріледі, – деді министр кеңесшісі әрі ресми өкілі Әсел Серікпаева.
Сондай-ақ ведомство Қазақстанда жанармай бағасының төмен болуы «сұр» экспортқа жол ашып, бензин көрші елдерге заңсыз шығарылып, бұл ішкі нарықта тапшылық қаупін тудырып отырғанын атып өтті. Сондықтан бағаны көтеру қажет. Бірақ бұл бірден емес, біртіндеп жүзеге аспақ.
Minut.kz



