Шығыс Қазақстанда құқығы бұзылған 130 кәсіпкер шағымданған

Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлер мен шенеуніктер арасындағы дау жиілеген. Былтыр өңірдегі бизнес өкілдерінен 130 шағым түсіп, оның басым бөлігі кәсіпкерлер палатасы мен прокуратураның араласуымен оң шешілді – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Нақтырақ айтқанда, 113 шаруаның құқығы қорғалып, кәсіпкерлердің 5 жарым миллиардтан астам теңгеге негізсіз шығындалуына жол берілмеді. Жыл бойы атқарушы органдар ұсынған 188 құжатқа сараптама жасалып, шикілігі бар 15 жобаға ескерту жасалған. Мамандардың айтуынша, заңсыздықтар мен әкімшілік кедергілер негізінен субсидиялау мен ауыл шаруашылығы секілді салаларда белең алған.

Біз ауыл шаруашылығы мен медицина саласындағы кәсіп иелерінің мүддесіне қатысты ауқымды істерді қарадық. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу кезеңінде бизнес өкілдерінің құқықтары жиі тапталып жатады. Әрбір нақты кейс бойынша тиісті құқықтық көмек көрсетіліп, заң бұзушылықтардың алды алынды – дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жәңгірханова.
Minut.kz



