Басты жаңалықҚоғам

Шығыстағы 71 елді мекенді су басу қаупі бар

Шығыс Қазақстан облысында су басуы қаупі бар 71 елді мекен анықталды. Бұл аймақтарда орналасқан 3573 тұрғын үйде 9 мыңға жуық адам тұрады. Тілсіз жаудың қаупі әсіресе Алтай, Риддер, Шемонаиха және Глубокое сынды қар қалың түсетін аудандарда жоғары – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері дәл осы аймақтармен қатар, Самар, Марқакөл, Үлкен Нарын, Күршім және Ұлан аудандарында да тасқынға қарсы жұмыс жүргізген.

Айтуларынша, жалпы ұзындығы 900 метр болатын қорғаныс бекеттері жөнделді. Су кедергісіз ағу үшін өзен арналары кеңейтіліп, түбі тереңдетілген. Жаңадан арық жүйелері салынып, ескілері қоқыстан тазартылды. Мамандар «күш пен техника жеткілікті, сондықтан әзір алаңдауға негіз жоқ» – деп сендіріп отыр.

Аяулым Кекиева ШҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы

Біз су тасқыны мерзімі басталар алдында, қар еріп бастаған кезде каналдар мен арықтарды тазалауды жалғастырамыз. Және де төтенше жағдайлар туындаған кезде дер кезінде әрекет ету үшін бізде күш пен құралдар топтастырылған. Бәрі жеткілікті көлемде, – дейді ШҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы Аяулым Кекиева.

Су тасқынының жағдайы нашарлаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінен 3 106 адам, 674 бірлік техника, 11 әуе кемесі, 89 жүзу құралы және 242 мотопомпадан тұрытын күш пен құралдардар әзірленген. Жалпы сыйымдылығы 21000 адам болатын 182 уақытша орналастыру пункті дайындалған.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button