Ата-аналар балаларының біліміне алаңдайды

Өскемендегі экологиялық жағдай ушығып, мектеп оқушылары жаппай онлайн оқуға көшірілді – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бүгін шығыстағы шаһарды үшінші күн қатарынан қою түтін мен тұман басып тұр. Мамандар қолайсыз метерологиялық жағдайға байланысты дабыл қағып, ескерту жасап жатыр.
Өндірісті қала Өскеменнің аспанын қою сұр түтін торлағалы үш күн болды. Халық ауа сапасының күрт нашарлап, дем алудың қиындағанын айтып шағымдануда. Бүгін осыған байланысты білім бөлімі шұғыл шешім қабылдады.

Қаладағы 52 мектептегі 47000 оқушы қашықтан оқуға ауыстырылды, – деді Өскемен қаласы білім бөлімінің методисі Виктор Храмцов.
Экологтар қаланың әр ауданына жиі-жиі зерттеу жасап, әсіресе зауыт көп шоғырланған аумақтарды бақылауға алған. Мамандардың айтуынша, ауа құрамындағы зиянды заттардың мөлшері қалыпты деңгейден бірнеше есе артқан. Бүгінгі өлшем бойынша көрсеткіш 7 есеге бірақ көбейген.

Көмір мен отын жағу кезінде күйе мен күл түзіледі. Соның ұсақ бөлшектері ауаға қосылып, жұрт «смог» деп айтатын түтінді байқаудамыз, – дейді ШҚО бойынша экология департаменті бөлімінің басшысы Меруерт Жарлығасымова.
Тұрғындар арасында тамағы қырылдап, денсаулығы сыр бере бастағандар да көп. Десе де «етіміз үйреніп кетті» деп, бейқам жүргендер де жоқ емес. Ата-аналарды балаларының білімі де алаңдатады.

Иә газ. Мына тамағым ауырып, қырылдап бәрі жаман болып тұр. Газ өте қатты. Тіпті мүмкін емес. Ал балалардың оқымауы өте жаман. Білім нөл. Олар қаңтар айы бойы оқыған жоқ. Біресе суық, біресе ҚМЖ.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері қаланы қою тұман басып, желсіз ауа-райы әлі де сақталуы мүмкін. Ал Өскеменде жел соқпаса зиянды қалдықтар ауада жиналып, қолайсыз метеожағдай сейілмейді.
Minut.kz



