Шығысқа 702 отбасы көшіп келді
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде Көші-қон бағдарламасы аясында еңбек күші артық өңірлерден қоныс аудару шеңберінде атқарылып жатқан жұмыс жайы талқыланды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, 2023-2025 жылдар аралығында Шығыс Қазақстанға ерікті қоныс аудару бағдарламасының квотасы бойынша 702 отбасы, яғни жалпы саны 2 206 адам көшіп келді. Былтыр 313 отбасы материалдық көмек алды.
Биыл өңірлік квота жоспары 800 адамды қамтиды. Оның 200 орны қандастарға арналған.
Қаңтар айынан бастап пилоттық режимде облыстың төрт ауданында (Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Самар) қоныс аударуды қолдаудың «Шығыс шақырады» өңірлік жоспары іске асырыла бастады.
Жоспарға сәйкес, «Оңтүстік – Шығыс маманы» жобасы арқылы «Отбасы банк» АҚ-мен жеңілдетілген ипотекалық несие беру тетігін қолдана отырып, жоғары білікті кадрлар тартылмақ. Сондай-ақ қоныс аударушылар мен қандастар арасында кәсіпкерлікті қолдау үшін 750 АЕК-ке дейінгі мөлшерде нысаналы гранттар беріледі.

Біздің басты міндетіміз – адамдарға осы өңірде өмір сүру, еңбек ету және болашағын құру үшін тартымды орта қалыптастыру. Ол үшін тұрғын үй, әлеуметтік инфрақұрылым және сапалы мемлекеттік қолдау нақты нәтижеге бағытталуы қажет. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін тұрақты жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмысты күшейту керек. Қала, аудан әкімдері көшіп келген әр жанұяға жанашырлықпен қарап, үйлеріне барып қал-жағдайларын біліп, жан-жақты көмек көрсетуі тиіс, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Жанель Жанболатқызы



