Ауған соғысына арналған театрландырылған қойылым өтті

Өскемендегі 5118 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің қатысуымен театрландырылған қойылым ұйымдастырылды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

“Шығыс” өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, іс-шара 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай өткен. Бұл күн жауынгерлік борышқа адалдық пен бейбітшіліктің бағасын еске салатын маңызды дата ретінде тарихта сақталған.
Шараға Ауған соғысының ардагерлері, бөлім басшылығы, әскери қызметшілер мен жас сарбаздар қатысып, қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кездесудің басты сәті – әскери бөлім сарбаздарынан құралған әскери театрдың сахналық қойылымы болды. Сахнада ауған шекарасындағы жауынгерлік өмір көрсетілді: таулы бекет, түнгі кезекшілік, қарулас жолдастар арасындағы қысқа әңгімелер және елге деген сағыныш.
Қойылым барысында сарбаздар майдандағы күнделікті өмірді, жауынгерлік бауырластықты және рух беріктігін шынайы көрсете білді.

Сахнадан естілген сөздер залда отырғандарды толқытты:
- Анашым, уайымдамаңыз… Біз ел тыныш ұйықтауы үшін осында тұрмыз.
- Ертең не боларын білмейміз, бірақ бүгін біз Отан үшін қызмет етудеміз.
Финалдық көріністе сарбаздар алысты үнсіз бақылап, ел тыныштығы жолында жанын қиған ардагерлердің рухына тағзым жасады. Ардагерлер көз жасын жасырмады, ал жас әскери қызметшілер қойылымды ұзақ уақыт бойы тік тұрып қошеметтеді.

Ардагерлер жас сарбаздарға бірлік пен жауынгерлік рухтың маңызын атап өтті.
Соғыс адамды бір күнде есейтеді. Біз ол жерде ұлт пен тілге бөлінбей, бауыр болып кеттік. Бірлік бар жерде алынбайтын қамал жоқ, – деді старшина Манарбек Сүлейменов.
Іс-шара аясында әскери-патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі үшін бірқатар қызметшілерге «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы атынан грамоталар табысталды.
Театрландырылған қойылым жас буын үшін тарих сабағына және отансүйгіштік рухты қалыптастырудың үлгісіне айналары сөзсіз.
Minut.kz



