Өскеменде көлік қозғалысына өзгеріс енгізіледі

Өскеменде жол құрылысына байланысты көлік қозғалысына уақытша өзгеріс енгізіледі – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Ертең яғни, 21 ақпаннан бастап Сәтбаев, Есенберлин даңғылдары мен Жібек жолы, Базовая көшелерінің қиылысында айналма жол ашылады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл жол айрығы құрылысының басталуына байланысты туындаған уақытша өзгеріс. Жобаға сәйкес, мұнда екінші деңгейлі жол болады. Ол Сәтбаев пен Есенберлин даңғылдарын байланыстырады.
Айналмалы қозғалыс енгізілгеннен кейін құрылысшылар болашақ жол айрығының екінші деңгейін ұстап тұратын тіректерді орната бастайды. Барлығы 15 тірек болмақ.
Жауаптылар жүргізушілерден орнатылған жол белгілері талаптарын сақтауды сұрайды. Соған сәйкес, айналма жолда сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүру керек. Көлік қозғалысын ыңғайлы ету үшін қосымша оң жақ бұрылыстар жасалған. Таңертең және кешке көлік ағыны көп болған кезде Сәтбаев пен Есенберлин даңғылдарында бағдаршам қосылады.
Полиция қызметкерлері аталған аумақта бақылау және халыққа түсіндіру жұмысын жүргізеді. Қателік жіберген жүргізушілерге бірден айыппұл салынбай, әзірге ескерту жасалады.
Енгізіліп отырған өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол айрығы құрылысының сапалы әрі уақтылы аяқталуына жағдай жасауға бағытталған.
Minut.kz



