Шемонаихада бүлінген үйге қатысты шу басылар емес

Шығыс Қазақстан облысында бүтін бір үй құлаудың аз-ақ алдында тұр – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Шемонаиха қаласында 2024 жылы су құбыры жарылып, қабырғасы сөгілген ғимарат қазір апатты жағдайда. Тұрғындардың бір бөлігі көшіп кетсе, барар жері жоқ азаматтар өмірін қатерге тігіп, сонда тұрып жатыр. Ал жауапты мекеме «кінә бізден емес» деп, ат-тонын ала қашуда.

Өткен ғасырдың 76 жылдары салынған екі қабатты ғимараттың қабырғасы мен едені жарылып кеткен. Тесілген төбеден топырақ төгіліп, үй ішінде үйіліп жатыр. Пәтер иелерінің айтуынша, екі жыл бұрын су жайылып, іргені бүлдірген. Содан бері жұрт баспанасын жамап-жасқап әлек. Бірақ нәтиже жоқ.

Үй апатты деп танылған. Несие алып, бүлінген жерлерін жөндедік. Бірақ ол еңбегіміз еш кетті. Ақшамызды далаға шашқандай болдық. Қалай жөндейміз, солай төбесі құлайды, – дейді Шемонаиха қаласының тұрғыны Оксана Журавлева.
Ал Сергей Адаричевтің басындағы жағдай мүлдем қиын. Пәтерінің қабырғасы бөлініп, қауіп төндіре бастаған соң, ол үйден көшуге мәжбүр болған. Барар жері болмаған соң, бұрын өртеніп кеткен ескі үйінің бір бөлмесін жөндеп, амалсыздың күйін кешіп отыр.

Әкімдік тарапынан маған тұрақты тұрғанға басқа үй берілмеді. Жағдайым кетіп қалды. Қазір далада қалдым деп айтсам болады, – деді Шемонаиха қаласының тұрғыны Сергей Адаричев.
Ал «Шемонаиха су арнасы» мекемесі «біз тек жөндеушіміз» деген уәж келтірді. Айтуларынша, жарылған құбыр о баста ешкімнің иелігінде болмаған.

Біз өзімізді кінәлі деп санамаймыз. Неге? Өйткені біз құбыр жарылған жерге бардық. Жарылған құбырды жөндедік. Біз жай ғана қызмет көрсететін мекемеміз. Қызмет көрсетеміз, ағымдағы жөндеу жұмысын жүргіземіз. Яғни жарылған, бітелген жерлерді жөндейміз. Біздің тараптан не қажет болды, оның бәрін жасадық, – дейді «Шемонаиха су арнасы» ЖШС директоры Александр Хмелевцев.
Бірақ халық бұл жауапқа қанағаттанбайды. «Судың ақшасын алып отырған мекеме жауап беруі тиіс» деген тұрғындар жеке сараптама жасатып, ғимараттың бүлінуіне дәл осы су себеп болғанын дәлелдеп алған.

Мен бір емес, екі сараптама жасаттым. Екінші сараптамада «Су арнасының» кінәсін делелдеді. Үйдің осындай күйге түскені дәл жақын маңдағы құбырдың жарылуынан деп көрсетті. Осыны дәлелдеу үшін қаншама құжат жинадым, Құқық қорғаушы жалдадым. Соның бәріне бір миллионға таяу ақшам кетті. Ал мына бүлінген пәтерімді несиеге алғам. Оның қарызы төленбей, енді есепшоттарымды бұғаттамақ, – дейді пәтер иесі Ольга Саландинова.
Ольга Саландинова «Шемонаиха су арнасын» сотқа берген. Бірақ сот мекеменің кінәсі жоқ деп шешім шығарған. Жәбірленуші шешімнің олай шығуына «Шемонаиха су арнасы» өкілінің берген әртүрлі жауабы себеп болды деп санайды. Сондықтан аппелациялық шағым жазбақшы.

Ал билік өкілдері ол үйде 18 отбасы тұрған. Олардың кейбіріне басында баспанасы болмағандықтан пәтер берілді – деді. Алайда, шенеунік сөзі тұрғындар жасатқан сараптама қортындысымен мүлдем үйлеспейді.

Аккредитациядан өткен организациялардың тұжырымдамалары бар шешімдері. Ол жерде бұл нақты су құбырларының жарылуынан болған салдары деген анықталған жоқ. Бұл мәселе ары қарай да сотта шешімін табуы керек, – дейді Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Сұңғат Аманбеков.
Пәтер иелері болса сот отырыстары созылған сайын қарыздары еселеніп, тұрмыстық жағдайлары нашарлай беретінін айтып дабыл қағуда.
Minut.kz



