ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті интернетте жарияланатын хабарландырулар арқылы азаматтарды шетелдегі “жалақысы жоғары жұмысқа” тарту деректері көбейгенін айтып, мұндай ұсыныстардың қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Алаяқтар әлеуметтік желілерде, мессенджерлер мен түрлі хабарландыру сайттарында табысы жоғары, жол ақысы мен жатын орны тегін, тәжірибе мен тіл білуді талап етпейтін оңай жұмыс ұсынамыз деп хабарландыру жасайды. Мұндай хабарландырулар көбіне Telegram-дағы арналарда, WhatsApp топтарында және өзге де онлайн алаңдарда таратылады, – делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шетелге барған азаматтар іс жүзінде мүлде басқа жағдайға тап болуы мүмкін:
- жеке куәлігі мен өзге де құжаттарының қолды болуы;
- еркін жүріп-тұру мүмкіндігінің шектелуі;
- интернет арқылы жасалатын алаяқтық схемаларға күштеп тартылу;
- уәде етілген жалақының берілмеуі;
- “босатып жіберу” немесе елге қайтару үшін ақша талап ету;
- қысым көрсету, қорқыту.
Ведомство азаматтарды қырағы болуға және интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.
Minut.kz



