Өскемендегі көпір қазан айында пайдалануға беріледі

Өскеменнің сол жағалауындағы ең күрделі жол айрығы – Сәтбаев, Есенберлин даңғылдары мен Жібек жолы және Базовая көшелерінің қиылысындағы құрылыс жұмыстары шешуші кезеңге өтті. Маңызды көлік дәлізі саналатын нысан ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға берілмек, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Қазіргі уақытта жұмыс нысанда қарқынды жүріп жатыр. Мердігер компания мамандарының айтуынша, негізгі күш көпірдің іргетасын нығайтуға бағытталған. Көпір тіреуіштеріне арналған жер қазылып, бетон құюға дайындық жүріп жатыр. Технология бойынша бір тіреуішті құйып шығу үшін кемінде екі апта қажет. Айналма жолдың ішкі бөлігінің құрылысымен сыртқы жағында да жұмыс қатар жүргізілуде.
Жұмыс барысымен танысқан қала әкімі Алмат Ақышов мердігерлерге нақты талаптар қойды. Айтуынша, сапа мен жайлылық ең басты мәселелердің қатарында болу керек.

Ең бастысы – жоба белгіленген мерзімнен кешікпеуі тиіс. Сондай-ақ, құрылыс жүріп жатқан уақытта қала тұрғындары үшін көлік қозғалысына барынша кедергі келтірмеуді қатаң тапсырамын. Жоспар бойынша қазан айында бұл жердегі кептеліс тарихқа айналуы керек, – деді шаһар басшысы.
Бұл жобаның басты мақсаты – Сол жағалаудағы «кептеліс» мәселесін түбегейлі шешу. Мамандардың есебінше, жаңа айрық аталған учаскедегі жол өткізу қабілетін 2-2 жарым есеге арттырмақ.
Қаланың қарқынды дамып жатқан 19-шы, 20-шы және 22-ші шағын аудандарының тұрғындары үшін бұл көпір – орталықпен байланыстыратын басты күретамыр. Құрылыс аяқталған соң, жүргізушілер бағдаршамда кезек күтпей-ақ, кез келген бағытқа еркін бұрыла алады.
Айта кетейік, күрделі нысанның астынғы бөлігінде үлкен айналма жол (кольцо), ол барлық төрт бағытқа көліктердің кедергісіз таралуын қамтамасыз етеді.
Ал жоғарғы деңгейі – Сәтбаев пен Есенберлин даңғылдарындағы көліктердің тоқтаусыз өтуін қамтамасыз етуге арналған көпір.
Minut.kz



