Қала әкімі Жыланды кентіндегі көпірді жөндеуге уәде етті

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Жыланды кентіне арнайы барып, жергілікті тұрғындарды көптен мазалаған өткел мәселесін шешуге уәде берді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Кент тұрғындары көпір мен жолдың жай-күйін бір күн бұрын әкімнің халықпен есептік кездесуінде көтерген болатын. Шаһар басшысы мәселені жеке бақылауына алып, нысанды өз көзімен көруге уәде берген еді. Сөзінде тұрған әкім келесі күні-ақ Жыландыға ат басын бұрды.

Кенттегі шағын көпір талай жылдан бері пайдалануға жарамсыз күйде. Өткелден автокөлік өтуі мүлдем мүмкін емес. Көпірдің тозуы салдарынан әсіресе жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктері кент ішіне кіре алмай, халық қиындық көріп келеді. Тұрғындар бұған дейін көпірді өз күштерімен қалпына келтіруге тырысқанымен, одан айтарлықтай нәтиже болмаған.
Жағдайды бағамдаған Алмат Ақышов нысанның маңыздылығын ескеріп, нақты тапсырмалар берді.
Бұл мәселені көрдім. Күн жылына салысымен көпірді жөндеу жұмысын бастаймыз. Халықтың қауіпсіздігі мен жедел қызметтердің кедергісіз қатынауы – басты басымдық, – деді қала әкімі.
Жұмыс жоспары бойынша, күн жылынған бойды құрылыс-жөндеу бригадалары іске кіріспек. Осылайша, Жыланды кентінің тұрғындары көптен күткен қауіпсіз өткелге биыл қол жеткізеді деп күтілуде.
Minut.kz



