Ел шығысында заңсыз алтын өндіргендер қамауға алынды

Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Ұлан ауданы Шыбынды өзені аңғарында қымбат металдарды заңсыз өндіру және жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактісі бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын жалғастыруда.
Тергеу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ директорының орынбасарларының бірі бөгде адамдармен бірге әрекет ете отырып, кен орнын заңсыз игеруді ұйымдастырғаны анықталды. Осы мақсатта олар өз бақылауындағы «EastGoldStone» ЖШС-ін тіркеп, пайдаланған.
Бұған дейін хабарланғандай, алтын өндіру жұмысы 2 жыл бойы тиісті лицензиясыз жүргізіліп, арнайы ауыр техниканы қолданып, табиғатты бүлдірген.
ҚР ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан: — заңсыз әрекеттердің салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал 300 миллион теңгеден асты. Тінту барысында жалпы құны 382 миллион теңге болатын 6,7 кг алтын, 10 миллион теңге және 56 мың АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша тәркіленді. Бұл қаражатқа сот санкциясымен бұғаттау қойылды – деп хабарлады.
Күдіктілер 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайды.