Басты жаңалықҚоғам

ШҚО-да Көрісу күні 20 отбасы баспаналы болды

Көрісу күнін өскемендіктер ерекше көңіл-күймен, сән-салтанатпен атап өтіп жатыр. Наурызнаманың алғашқы күні облыс орталығында баспанаға мұқтаж отбасыларға жаңа пәтердің кілттері берілді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Жаңа баспанаға ие болғандар – тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар. Сондай-ақ қоныс иелерінің арасында бес дәрігер де бар. Барлығы 20 жаңа пәтердің кілтін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов табыстады. Облыс әкімі жаңа баспана иелерін қос қуанышпен құттықтап, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсарту. Осы бағытта елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгін тағы бір қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз – 20 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Үйлеріңізде әрдайым береке-бірлік орнап, шаңырақтарыңыздан шаттық пен балалардың шат күлкісі үзілмесін, – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Сондай-ақ әкім алдағы уақытта тағы 100-ден астам отбасы жаңа баспанаға қол жеткізетінін айтты.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. 2030 жылға дейінгі кешенді даму жоспарына сәйкес, Өскемен халқы 500 мың адамға дейін жетеді деген болжам бар. Осыған байланысты баспанаға сұраныс арта түспек.

Айта кетейік, биыл Шығыс Қазақстанда 410 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 3 мыңнан астам жаңа пәтер пайдалануға беріледі. Құрылыстың негізгі үлесі жалпы ауданы 318 мың шаршы метрге тең 47 көпқабатты тұрғын үйге тиесілі болады. Сонымен қатар, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы мен жеке тұрғын үй құрылысы да жалғасады.

Ал былтыр облыста 407,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button