Басты жаңалықСаясат

Өскемендік көршілер референдумға ұлттық киіммен келді

Өскеменде бір көбқабатты үйдің тұрғындары жиналып, референдумға ұлттық киіммен барды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Бүгін еліміз үшін маңызды тарихи сәт – жалпыхалықтық референдум өтіп жатыр. Осы айтулы шарада Шығыс Қазақстан облысының халқы да ерекше белсенділік танытуда. Соның ішінде, Өскемен қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары дауыс беру учаскесіне ұйымшылдықпен келіп, көпшіліктің назарын аударды.

Қуандық Ыбыраев Өскемен қаласының тұрғыны

Бүгін еліміз үшін өте маңызды күн. Мұндай саяси науқанға ешкім бей-жай қарамау керек деп санаймын. Әркім келіп, өз таңдауын жасау қажет. Әсіресе өскелең ұрпақ осыны жақсы түсінулері маңызды. Сондықтан көршілерімізбен жиналып, мерекелік көңіл-күймен келіп, дауыс бердік. Ондағы мақсатымыз – өзімізден кейінгі жастар көріп, үлгі алғаны, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Қуандық Ыбыраев.

Бұл жолғы дауыс беру науқаны тек саяси таңдау ғана емес, нағыз мерекеге ұласты. Бір аулада тұратын ондаған көрші алдын ала келісіп, сайлау учаскесіне қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін киіп келген. Олардың айтуынша, бұл қадам – қоғамдағы бірлік пен татулықты паш етудің бір жолы.

Көршілер тобы дауыс беру залына кірген сәтте өзге сайлаушылар мен комиссия мүшелеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қазақстанның түрлі ұлт өкілдерінен құралған бұл топ ортақ болашақ үшін бірге таңдау жасаудың маңыздылығын көрсетті.

Осы бастаманың ұйытқысы болған тұрғындардың бірі – Наталья Уколова. Ол референдум күнін мереке ретінде қабылдайтынын және көршілердің бұл ұсынысты бірден қолдағанын атап өтті.

Наталья Уколова Өскемен қаласының тұрғыны

Біз күнделікті өмірде де өте татумыз, ал бүгінгідей маңызды күні сол ауызбіршілігімізді көрсетуді жөн санадық. Ұлттық киім – бұл тек киім емес, бұл біздің мәдениетімізге, тарихымызға және мемлекетімізге деген құрметіміз. Біз осындай ерекше киіммен келу арқылы жастарға үлгі болғымыз келді. Референдумда дауыс беру – әрбір азаматтың парызы, ал оны осындай көтеріңкі рухта жасау – екі есе қуаныш, – деді қала тұрғыны Наталья Уколова.

Айта кетейік, ынтымақ пен бірліктің символы болған №49 сайлау учаскесінде барлығы 2805 адам дауыс береді.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button