Мүгедек көмекшілеріне тиісті үстемақы мүлде төленбеген

Өскеменде бірінші топтағы мүгедектігі бар 300-ден астам азаматтың көмекшілері тиісті үстемақыларын алмай келген, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Елімізде 1992-жылғы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң аясында төленуі тиіс қосымша ақы осы уақытқа дейін ескерусіз қалған.
Осы заңға сәйкес, Өскемендегі 317 көмекшіге негізгі жалақыдан бөлек, экологиялық аймақта еңбек еткені үшін 1,5 АЕК көлемінде үстемақы төленуі тиіс. Бірақ құжатта тайға таңба басқандай жазылған бұл жеңілдік іс жүзінде орындалмаған.

Олар осы күнге дейін үстемеақыны мүлде алмай келген. Енді біздің тексеруден кейін, ықпал ету актсі арқылы төленетін болды. Қазір бюджеттен тиісті қаражат жоспарланып, бөлінгелі жатыр, – деді Өскемен қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Эльдар Итекбаев.
Нске салайық, жалпы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Курчатов қаласынан бөлек, Өскемен, Семей, Риддер шаһарлары мен Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының Бородулиха, Жарма, Аягөз, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан аудандарының елдімекендері жоғары радиациялық қауіпті аймаққа жатады. Сондай-ақ, бұл тізімге Қарағанды облысының Қарқаралы және Павлодар облысының Май аудандары да кіреді.
Minut.kz



