Қазақстан туы әлемдегі ең әдемі ту деп танылды

Қазақстанның мемлекеттік туы интернеттегі дауыс беру нәтижесінде әлемдегі ең әдемі ту деп танылды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Дауыс беру Reddit әлеуметтік желісіндегі r/flags қауымдастығында ұйымдастырылған. Қатысушылар әлемнің барлық ресми мемлекеттерінің тулары арасынан ең әдемісін таңдаған.
Финалдық кезеңде Қазақстанның көгілдір туы Океаниядағы Кирибати мемлекетінің туынан басым түсті. Қауымдастық ұйымдастырушылары дауыс беру аяқталғаннан кейін «Қазақстан – біздің чемпион» деп жариялап, қатысушыларға алғыс білдірген.
Айта кетейік, Қазақстанның мемлекеттік туы тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы қабылданған. Оның авторы – суретші Шәкен Ниязбеков. Көгілдір түсті фонда күн бейнесі мен қалықтаған қыран бейнеленген, ал сабы жағында ұлттық ою-өрнек орналасқан.
Minut.kz



