Өскеменде ұлттық киім көрмесі өтті

Өскемендіктер Наурызнама онкүндігі аясындағы Ұлттық киім күнін ерекше сән салтанатымен атап өтті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Қаланың ең ірі сауда орталықтарының бірі – Maxi Mall-да «Ұлттық киім – ұлт мұрасы» атты дефиле өтіп, жергілікті дизайнерлердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмеге тек кәсіби модельдер ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер де қатысып, қазақы нақыштағы киімдерді күнделікті өмірге қалай үйлестіруге болатынын көрсетті. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасеновтің айтуынша, биыл қатысуға ниет білдіргендердің қарасы өте көп болған.

Наурызнаманың онкүндігі аясында 18 наурыз Ұлттық киім күні болып бекітілген. Бүгін Maxi Mall сауда орталығына ұлттық киім үлгісіндегі мемлекеттік қызметкер, кәсіпкер болсын барлығы жиналып жатыр. Бүгін Өскемендегі ұлттық киім тігетін, брендттік саудамен айналысатын кәсіпкерлердің ұлттық киімдерін осы жерден тамашалауға болады. Осы іс-шараға қатысамын деп өтінім білдіргендер өте көп болды, – деді басқарма басшысы.
Байқау форматында өткен көрсетілімде төрт негізгі номинация бойынша үздіктер анықталды:
- «Ең дәстүрлі образ» – классикалық құндылықтарды сақтағандар;
- «Ең креативті образ» – ұлттық нақышты заманауи трендтермен ұштастырғандар;
- «Отбасылық образ» – бірлік пен жарасым үлгісі;
- «Ең үздік балалар костюмі» – кішкентай сәнқойлар.
Ерекше атап өтерлігі: «Ең креативті образ» номинациясын Алтынай Төлеухан жеңіп алды. Ол джинсы матасынан тігіліп, қазақы оюмен көмкерілген ерекше баска-белдемшесімен көрерменді тәнті етті.

Мерекелік іс-шаралар 22 наурызға дейін жалғасады. Күн мен түннің теңелген күні қаланың орталық алаңында Қазақстанның Рекордтар кітабына енуге үміткер ауқымды шара өтеді. Әрбір қала тұрғынын осы айтулы оқиғаның қатысушысы болуға шақырамын, – деді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов.
Сән көрсетілімінен бөлек, сауда орталығында зергерлік бұйымдар мен қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтті. Келушілер отандық брендтердің өнімдерімен жақын танысуға мүмкіндік алды.

Бұл шара Өскемендегі креативті индустрияның дамып келе жатқанын және ұлттық киімнің трендке айналғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Minut.kz



