Басты жаңалықҚоғам

Ж.Омарға қатысты үкім 10 күннің ішінде оқылады

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар өзіне тағылған айыпты толық мойындағандықтан қылмыстық істі тергеу жеделдетілген тәртіппен жүргізілген. Мұндай жағдайда үкім 10 күннің ішінде оқылады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Шенеунікке қатысты алғашқы сот отырысы 19 наурыз күні өтті. Сотта күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Айыпталушының қорғаушылары бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады. Ж.Омардың туыстары айыппұл төлеуге қажетті соманы жинап қойғанын мәлімдеді. Оны растау үшін судьяға 112 миллион теңге көлеміндегі есепшот ұсынылды. Келесі сот отырысы 26 наурыз күні сағат 15:00-де өтеді.

Сот материалдарына сәйкес, шенеунікке бірден екі бап, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлімінің 1 және 2-тармақтары (ірі көлемде алаяқтық жасау) және 366-бабы 3-бөлімінің 3-тармағы (ірі көлемде пара алу) бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген айып тағылған. Сотталушының ісін Өскемен қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарап жатыр.

Айта кетейік, Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат алғаш рет әлеуметтік желіде 13 ақпан күні пайда болды. Сол кезде облыс әкімдігінің баспасөз қызметі бұл ақпараттан хабарсыз және ол денсаулығына байланысты уақытша демалыста екендігін айтқан болатын. 18 ақпанда Ұлттық Қауіпсіздік Қызметі Жақсылық Омарға қатысты тергеу жүргізіп жатқанын растады.

Ал Ж.Омар әр жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары, ШҚО әкімінің кеңесшісі, Өскемен қаласы әкімі секілді тағы да басқа қызметтер атқарған. Ұсталғанға дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында болды.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button