Бүркітшілер сайысының бірінші күні аяқталды

Жанель Жанболатқызы
Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс Салбурыны-2025» халықаралық бүркітшілер фестивалінің бірінші күні аяқталды. Бүгін құсбегілер қырандарын қолға шақырып, шырға тартып сайысты.
Алғашқы күнгі тартыста бүркіттердің көбі көрермендердің көңілінен шықты. Құсбегілер де күн-райының қолайлы болып, үміттерінің ақталғанын айтуда. Саятшылар ертең бүркіттерін түлкі мен қарсаққа салып, бақ сынайды.
«Биылғы фестивалдің ұйымдастырылуы ерекше. Жылдан-жылға тәжірибе жиналып, жақсарып келе жатқаны көрініп-ақ тұр. Біз Қарағанды облысының атынан 6 бүркіт әкелдік. Алғашқы күнгі сайыстағы нәтижеміз жаман емес. Ал ертеңгісін бағымыз біледі. Бүркітшілердің бәріне сәттілік тілеймін! Сайысты ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Осылай еліміздің және өзіміздің құсбегілік өнерімізді әлемге паш ете берсін!» – дейді, Қарағанды облысының құсбегісі Арман Мәтейұлы.
Келесі сайыста бүркіттердің шапшаңдығы ескеріледі. Саятшы мен қыранның нағыз қырағылы да жарыстың осы кезеңінде анықталмақ.