Әскери қызметшілер Наурыз мерекесін тойлады

Өскемен қаласындағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы да Наурыз мерекесіне орай ауқымды мәдени іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Шара барысында офицерлер мен сержанттар алғаш рет қазақтың ұлттық дәстүрлерін – «Тұсаукесер» мен «Сырға салу» және «Беташар» рәсімдерін көпшілікке ұсынды.

Мерекелік бағдарламаның маңызды сәттерінің бірі – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиевтің қатысуымен өткен тұсаукесер рәсімі болды. Қолбасшы енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Бұл көрініс шараға жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Сонымен қатар, мерекелік іс-шара аясында ұлттық рухты дәріптейтін спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар «Арқан тарту» және гир көтеру бойынша өзара бақ сынасып, ептілік пен күштерін көрсетті.

Киіз үйлер тігіліп, қонақтарға арналған дастарқан жайылды. Мерекеге орай дайындалған Наурыз көже, палау және ет тағамдары келген жұртшылыққа ұсынылды.

Айта кетейік, шараға қатысушылардың барлығы ұлттық киім киіп, мерекенің мазмұнын байытып, көркін одан әрі аша түсті.
Minut.kz



