Өскеменде «Qosh keldiń áz – Naýryz» мерекелік концерті дүркіреп өтті

Өскемен қаласындағы Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында Ұлыстың ұлы күніне арналған «Qosh keldiń áz – Naýryz» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Күн мен түн теңеліп, табиғат қайта түлеген айтулы мереке биыл ерекше форматта – этномәдени бірлестіктердің басын қосқан достық пен бірлік мейрамы ретінде атап өтілді.
Ала таңнан Достық үйінің алдында мерекелік рух сезілді. Құлақ құрышын қандыратын күйлер мен халық әндері шырқалып, қала тұрғындарының көңіл-күйін көтерді. Сағат тілі 11:00-ді көрсеткенде, көктемнің келуін айшықтайтын табиғат дыбыстары – жылғалардың сылдыры мен құстардың әнімен шымылдық түрілді.
Салтанатты бағдарламаның шымылдығын Гүлзада Хамитова «Наурыз думан» әнімен ашты. Әнмен қатар ақ жаулықты әжелеріміз қазақтың игі дәстүрі – «Шашу» жоралғысын жасап, жиналған қауымға ақ тілектерін жаудырды. Биылғы Наурыздың тағы бір ерекшелігі – қазақ халқының жаңа жылымен қатар азербайжан халқының «Новруз байрам» мерекесінің де бірге тойлануы болды. Бұл еліміздегі этносаралық татулықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Концерттік бағдарлама өте бай әрі мазмұнды болды. Сахнада Шығыс Қазақстанға танымал шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті:
- «Русская песня» халық хоры «Мой Казахстан» әнімен отансүйгіштік рух сыйлады;
- «Вайнах» ансамблі отты «Казбегури» биімен көрерменді тәнті етті;
- «Ақниет» вокалдық тобы Наурыздың жылуын әнмен жеткізді;
- «NRANE PAR» ансамблі грузин мен армян билерінің попурриін ұсынып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
- Сондай-ақ, «Бастеньки», «Непоседы», «Арабеск», «Майглекхен» сияқты ұжымдардың өнері мерекенің сәнін келтірді.

Іс-шара барысында Өскемен қаласының әкімі А.Т. Ақышев қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, Наурыздың бірлік пен жаңару символы екенін атап өтті. Салтанатты сәтте «Интернационалдық отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталып, оларға бағалы сертификаттар табыс етілді. Бұл марапат қаламыздағы түрлі ұлт өкілдері арасындағы сыйластықтың дәлелі іспеттес болды.

Наурыз мейрамы – бұл тек көктемнің келуі емес, бұл біздің ортақ шаңырағымыздағы бірлік пен татулықтың символы. Бүгінгі «Qosh keldiń áz – Naýryz» мерекелік бағдарламасының Достық үйінде өтуінің символикалық мәні зор. Біздің орталықтағы барлық ұлт өкілі бір үйдің баласындай еңбек етіп, өз мәдениетін сақтап қана қоймай, қазақтың төл мерекесін ерекше ықыласпен қарсы алуда. Биылғы бағдарламаға облысымыздың барлық этномәдени бірлестіктері белсене атсалысты. Біздің мақсатымыз – салт-дәстүрімізді жаңғыртып, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды насихаттау. Көргендеріңіздей, спорттық сайыстар мен концерттік нөмірлер арқылы біз халқымыздың кеңдігін, қонақжайлылығын және бірлігін көрсеткіміз келді. Ұлыс оң, ақ мол болсын!, – дейді ШҚО Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы директорының орынбасары Азамат Сейітханұлы.
Мерекенің ең қызықты бөлімі – спорттық бөлім болды. Владислав Киреевтің жетекшілігімен өткен сайыстарда қала жігіттері мен бүлдіршіндері бақ сынасты:
- «Сәттілік дөңгелегі» ойыны арқылы бүлдіршіндер түрлі сыйлықтарға ие болды.
- Кір тасын көтеру мен штангамен отырып-тұру сайысында нағыз мықтылар анықталды.
- «Өскемен батырлары» айдарымен өткен ерлер арасындағы сайыста көлікті тарту, грифті уақытқа ұстап тұру және арқан тартыс ерекше тартысты өтті.


Көпшіліктің делебесін қоздырған бауырсақ жеу жарысы мерекелік дастарханның берекесін асырды. «Казцинк» компаниясының демеушілігімен өткен бұл байқаулардың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар берілді.

Мереке соңында Гүлзада Хамитова «Күміс құнған ай» әнімен концертті түйіндеді. Жиналған қауым ақ тілектерін айтып: «Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» – деген лебіздерін білдірді. Өскемен төріндегі бұл мереке тек ойын-сауық емес, ұлттарды ұйыстырған ұлы мереке ретінде есте қалды.




Minut.kz



