Өскеменде 2 жыл бұрын жөнделген көпір жаңадан салынатын болды
Өткел бұған дейін 600 миллион теңгеге жөнделген болатын

Өскеменде 2 жыл бұрын ғана 600 миллион теңгеге жөнделген көпір жаңадан салынатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп беру кезінде айтты.
Көпірдің бір бөлігі қыркүйек айының басында құлаған болатын. Содан бері бұл жол жабық тұр. Ал Өскемен жұртшылығы үшін бұл жолдың маңызы зор. Өндіріс орындары көптеп шоғырланған шағын ауданмен байланыстырып тұрғандықтан стратегиялық нысан саналады. Айта кетейік, дәл осы көпір осыдан 2 жыл бұрын тағы бүлінген еді. Ол уақытта төтенше жағдай жарияланып, қала қазынасынан бөлінген 600 миллион теңгеге жөнделген болатын.
Айта кетейік, апат болған нысанға қатысты жүргізіліп жатқан тексеру әлі аяқталған жоқ. Қала әкімдігі өткел жаңадан салынатынын растағанмен құрылыс жұмысы қашан басталатынын анықтамады.

Көпір бұзылып оның орнына жаңа көпір салынады. Көпірдің әлеуметтік маңыздылығы және оның көлік жүйесіндегі рөлін ескере отырып, жұмыстар қысқа мерзімде атқарылатын болады – деді, Өскемен қаласы әкімдігінің ресми өкілі Азат Қасымов.
Жанель Жанболатқызы



