Басты жаңалықҚоғам

Өскеменде қала тұрғындары мен еріктілер жаппай сенбілікке шықты

Шығыс Қазақстан облысының орталығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары өтуде. Қаланың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған бұл шараға мемлекеттік қызметкерлерден бастап, студенттер мен қатардағы қала тұрғындарына дейін белсене атсалысуда, деп хабарлайды мinut.kz тілшісі.

Жеңіс саябағы: Тазалық – ұрпаққа аманат

Сенбілік жұмыстарының негізгі ошақтарының бірі – қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны Жеңіс саябағы болды. Ала таңнан басталған жұмысқа Құмаш Нұрғалиев атындағы колледждің студенттері мен оқытушылары ерекше құлшыныспен кіріскен. Мемориалдық кешен аумағындағы өткен жылдан қалған қураған жапырақтар мен шөптер және қоқыстар тазартылды.

Алтынай Әшімова Қ.Нұрғалиев атындағы колледждің ұстазы

Колледж ұстазы Алтынай Әшімова бұл шараның тәрбиелік мәніне тоқталды: – біз бұл игі іске ұжым болып, 30-дан астам студентімізді ертіп келдік. Мамыр айының соңына дейін әр апта сайын осындай сенбіліктерге қатысуды дәстүрге айналдырдық. Алда Жеңіс күні келе жатыр, сондықтан батырлар рухына тағзым ететін бұл қасиетті жердің тап-таза болғаны – біздің парызымыз. Қаланың тазалығына әр адам өз үлесін қосса, айналамыз гүлдене түспек.

Студенттер де ұстаздарының сөзін қоштап, бұл жұмысты ауырсынбайтындарын жеткізді. Айтуларынша, бұл жай ғана жұмыс емес, достарымен бірге таза ауада пайдалы іспен айналысу. Сондықтан өз қалаларының тазалығына алдағы уақытта да бір кісідей атсалыспақ ниетте.

Тұрғындар белсенділігі: Протозанов көшесіндегі өзгерістер

Тек орталық саябақтар ғана емес, көпқабатты үйлердің аулалары да назардан тыс қалмады. Протозанов көшесінің бойындағы тұрғындар өз бастамаларымен аула ішін ретке келтіруге шыққан. Олар гүлзарларды тазалап, балалар ойнайтын алаңқайларды сырлап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Қала тұрғындары жастардың бұл іске деген ынтасына дән риза: – бұл біздің қатысып жатқан екінші аптамыз. Әсіресе, жастардың белсенділігі көңіл қуантады. Әрбір азамат «менің үйім емес» демей, ел игілігі үшін тер төгуі тиіс. Осындай акциялар бізді біріктіреді, көршілермен қарым-қатынасты нығайтады.

Бұрын сенбілік деген мереке сияқты болатын. Қазір сол дәстүрдің қайта жаңғырып жатқаны жақсы. Мен де немерелерімді ертіп шықтым. Олар кішкентайынан тазалықты сақтауды үйренсін деймін. Біздің Өскемен – сулы, нулы қала. Осы сұлулықты сақтап қалу – біздің қолымызда.

Аймақ басшысы: «Тазалық – мәжбүрлеу емес, мәдениет»

Сенбілікке Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы барып, қала тұрғындары және сенбілікке қатысқан азаматтермен кездесті. Аймақ басшысы экологиялық мәдениеттің маңыздылығына тоқталып, мұндай шаралардың ерікті түрде өтуі тиіс екенін қадап айтты.

Суретте ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов және қала әкімі Алмат Ақышов

Сенбілікті таңғы серуен немесе спорттық белсенділіктің бір түрі ретінде қабылдау керек. Ең бастысы – қатысушылардың шынайы ниеті. Біз достарымыз бен көршілерімізге үлгі болу арқылы ғана табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастырамыз. Өскемен – Ертіс пен Үлбі тоғысқан, табиғаты ерекше көркем қала. Қазір мұнда 385 мың халық тұрады, ал болашақта бұл көрсеткіш жарты миллионға жетеді. Сондықтан инфрақұрылыммен бірге экологиялық сананы да дамытуымыз қажет, деді облыс әкімі.

Әкім сонымен қатар қаланың эстетикалық келбетіне де тоқталды. Оның айтуынша, Өскеменнің әрбір бұрышы тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс.

Жаңа жоба: «Өмір жолы» аллеясы бой көтереді

Сенбілік аясында қала басшылығы Өскеменнің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жаңа жоспарларды таныстырды. Соның ішінде ең маңыздысы – «өмір жолы» бастамасы. Бұл жоба Стрелка ауданынан бастап Лихарев көшесіне дейінгі аумақты қамтитын жаңа заманауи аллея салуды көздейді.

Қала әкімі Алмат Акышовтың айтуынша, бұл жерде тек жаяу жүргіншілер жолы ғана емес, кешенді демалыс орны болады:

  • Балалар үшін қауіпсіз ойын алаңдары;
  • Қарттардың тынығуына арналған ыңғайлы орындықтар мен көлеңкелі аймақтар;
  • Салауатты өмір салтын ұстанатындар үшін арнайы спорттық тренажерлар.

Мердігер мекеме жақын уақытта анықталады. Күн райы жылына салысымен құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Біздің мақсатымыз – Өскеменді тек өнеркәсіптік орталық емес, тұруға ең қолайлы «жасыл қалаға» айналдыру, деді шаһар басшысы Алмат Акышов.

Санитарлық мәселелер: Қоғамдық дәретханалар тексеріледі

Қала тазалығы тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Сенбілік барысында қалалық қызметтерге нақты тапсырмалар берілді. Соның ішінде көшелердегі қоғамдық дәретханалардың жай-күйіне қатысты мәселе қатаң қаралды. Бұдан былай:

  • Қаладағы барлық қоғамдық дәретханаларға тексеріс жүргізіледі.
  • Жұмыс істемейтін немесе талапқа сай емес нысандар бұзылады.
  • Қолданыстағылары толық жөндеуден өтіп, тұрғындар үшін үздіксіз қызмет көрсетуі тиіс.

Акция барысында біз тағы бірнеше қала тұрғынын әңгімеге тарттық. Олар күнде осы саябақта балаларымен серуендейтінін айтты. Бүгінгідей тазалық жұмыстары өте қажет. Бірақ тазалағаннан да, тазалықты сақтаған маңыздырақ. Әрбір жерге қоқыс жәшіктері көптеп қойылса екен дейді.

Біз де өз дүкеніміздің айналасын ретке келтірдік. «Таза Қазақстан» – бұл тек бір күндік науқан болмауы керек. Бұл біздің өмір сүру салтымызға айналуы тиіс. Қаламыздың әдемі болғаны – біздің бизнесімізге де, көңіл-күйімізге де оң әсер етеді, – деді өзін Ирина деп таныстырған дүкен иесі.

«Таза Қазақстан» акциясы – тек айналаны тазарту емес, халықтың бірлігін, Отанға деген сүйіспеншілігін көрсететін үлкен қозғалыс. Өскемендіктердің бүгінгі белсенділігі осының айқын дәлелі. Тазалық жұмыстары мамыр айының соңына дейін жалғасын таппақ.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button