ШҚО әкімі Н.Сақтағанов: Енді ешқандай сылтау қабылданбайды!
Әкім қоқысқа батқан өңір басшыларына соңғы ескертуін жасады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қоқыс мәселесін шешуге бел шешіп кірісті. Өңір басшысы жауапты мамандардың жұмысын қатаң сынға алып, тұрмыстық қалдықтарды уақытында шығаруды тапсырды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бұл жолы әкім құр уәде мен ақталуды тыңдаудан бас тартты. Себебі қоқыс құрсауында қалған қалалар мен аудандар әлі бар. Мониторинг нәтижесінде қоқыс шығару ісі ақсап тұрған нақты аймақтар анықталды. Риддер қаласы мен Алтай, Зайсан, Шемонаиха аудандарында қоқыс контейнерлері апталап босатылмай, тау болып үйіліп жатыр. Әлеуметтік желілер тұрғындардың ашулы жазбалары мен фото-айғақтарына толған. Әкімнің айтуынша, бұл – тек техниканың жетіспеушілігі емес, жүйесіз жоспарлаудың салдары.
Мәселенің тағы бір ұшы – халық санының нақты есепке алынбауында. Тұрғындардың едәуір бөлігі ресми тіркеусіз тұрып жатқандықтан, қоқыс көлемін есептеу кезінде қателіктер кеткен.

Қолданыстағы нормативтерді қайта қарап, контейнерлер санын шұғыл арттыру қажет. Тіркеусіз тұратындар жүйеге қосымша жүктеме түсіріп отыр, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Бұл мәселені шешу үшін әкім полиция қызметкерлерін тартуды және бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, аудан және қала әкімдеріне нақты дедлайн қойды. Ендігі жерде «техника бұзылды» немесе «қаражат жетпейді» деген сылтаулар өтпейді.
Қала және аудан әкімдері бір апта ішінде барлық қоқыс үйінділерін жоюы тиіс. Қоқыс шығару кестесінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету керек. Қайталанған фактілер бойынша талдау жүргізіп, айыппұл салып, қажет болған жағдайда мердігерлермен шарттарды бұзыңыздар. Енді ешқандай сылтау қабылданбайды. Тәртіп орнатыңыздар!, – деді облыс әкімі.
Түйіндей айтсақ, Нұрымбет Сақтағановтың бұл жолғы қатаң ескертуі – облыстағы «қоқыс» мәселесіне нүкте қоюға бағытталған соңғы мүмкіндік. Ендігі жерде қала мен аудан әкімдеріне құрғақ есеппен құтылу мүмкін емес.
Шығыс Қазақстанның экологиялық мәдениеті мен тазалығы бұдан былай «сылтаулармен» емес, нақты нәтижемен өлшенбек. Тәртіп орнату туралы бұйрық берілді, ендігі кезек – орындалуында.
Minut.kz



