Басты жаңалықҚоғам

«Мәдени мұраны бірге сақтайық» республикалық акциясы басталады

18 сәуір күні еліміздің барлық өңірінде «Мәдени мұраны бірге сақтайық» республикалық акциясына старт беріледі. Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орайластырылған бұл шара қалаларымыз бен киелі орындарымызды түлетуді көздейді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясындағы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанының заңды жалғасы. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық Альянс» ЗТБ-ның «Madenietti Mura» жобасы негізінде жүзеге аспақ.

Акция тек қоқыс тазалау емес, төл тарихымызға, ата-бабамыздан қалған жәдігерлерге құрмет көрсетуді мақсат етеді. Барлық өңірлерде тарихи-мәдени нысандар ретке келтіріліп, ескерткіштер маңы абаттандырылады. Волонтерлік қозғалыстардың басын біріктіру жұмысы жүргізіледі.

Өскемен қаласының әкімдігі таратқан ақпаратта науқан бір күндік шарамен шектелмейтіні және 30-мамырға дейін әр сенбі сайын жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылатыны айтылған.

Құрметті қала тұрғындары, ұйымдар мен кәсіпорындар өкілдері, шағын және орта бизнес субъектілері! Сіздерді жалпықалалық сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырамыз. Әрбір кәсіпкер өз нысанының маңын, ал әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстаса – бұл ортақ іске қосылған қомақты үлес. Өз бизнесіңіздің іргелес аумағын көгалдандырып, тазалау арқылы Сіз қаланың мәдени және экологиялық деңгейін көтересіз. Тазалық – мәдениеттің белгісі. Тарихи ескерткіштер мен көшелердің тазалығы – елдігіміз бен тәрбиеміздің айнасы, – деп хабарлады Өскемен қаласы әкімдігі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button