Қоғам

ШҚО-да тұрғыны 130 мың теңгесін қайтарып алды

Шығыс Қазақстан облысында тұтынушының құқығын қорғау департаменті сапасыз тауар сатқан кәсіпкермен арадағы дауды шешіп берді. Сатушы тауарды жөндеп бергісі келгенімен, заң бойынша таңдау құқығы сатып алушыда болды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Өңір тұрғыны Kaspi.kz маркетплейсі арқылы 129 990 теңгеге кофемашина сатып алған. Алайда тауарды алғаш қосқан кезде-ақ оның астынан су ағып, ақаулы екені анықталды. Тұтынушы бірден тауарды қайтарып, ақшасын талап етті. Сатушы болса ақшаны қайтарудың орнына, аппаратты жөндеп, иесіне қайта жібермек болған.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 15-бабына сәйкес, егер тауар сапасыз болса, оны жөндету немесе ақшасын толық қайтару – тұтынушының өз еркі. Сатушы бұл таңдауға араласа алмайды.

Тұтынушылар өз құқықтарын білуі тиіс. Егер тауар кепілдік мерзімі ішінде бұзылса және оның себебі зауыттық ақау болса, сатушы сатып алушының талабын орындауға міндетті. Біздің мамандардың түсіндіру жұмыстарынан кейін сатушы заңға бағынып, 129 990 теңгені тұтынушыға толық қайтарды. Дау сотқа жетпей шешілді, – деді ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button