Қоғам

Сарбаздар 103 жастағы ардагерге құрмет көрсетті

Шығыс Қазақстанда Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен «Жас бүркіт» клубының тәрбиеленушілері Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Павловна Светочеваның шаңырағына барып, мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Биыл ғасыр жасаған кейуана 103 жасқа толып отыр. Бұл кездесу жай ғана мерекелік шара емес, ұрпақтар сабақтастығының шынайы көрінісіне айналды.

3477 әскери бөлімінің сарбаздары мен жас ұландар ардагерге арнап ән шырқап, бейбіт аспан сыйлағаны үшін шексіз алғыстарын білдірді. Анастасия Павловнаның жүзінен қуаныш табы байқалып, жастардың бұл ықыласына дән риза болды.

Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне әскери бөлімнің әйелдер кеңесі ұйытқы болды. Олар ардагерге арнап дастархан жайып, үй ішін мерекелік атмосфераға бөледі.

Біз үшін ардагерлерге құрмет көрсету – үлкен парыз. Олар – ел тарихының тірі куәгерлері. Сондықтан әрдайым олардың жанынан табылып, қамқорлық танытуға тырысамыз, – деді майор Дархан Мұхтариев.

Мұндай кездесулердің жас буын үшін маңызы зор. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар мен мектеп оқушылары үшін Анастасия Павловнаның өмір жолы – нағыз ерліктің үлгісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button