Басты жаңалықҚоғам

Өскеменде «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы өтті

Өскеменде «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы өтті. Шара аясында «Нұрлы жол» саябағы тазартылып, монумент қалыпқа келтірілді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстанның туризм басқармасы мен жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының 25-тен астам маманы таң ертеңнен білек сыбана іске кірісті. Акцияның басты мақсаты – қаланың эстетикалық келбетін жақсарту ғана емес, тарихи-мәдени нысандарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

Мамандар саябақ аумағын шашылған қоқыстан толық тазартып, көгалдарды ретке келтірді. Әсіресе, саябақтың символына айналған монумент айналасына ерекше көңіл бөлінді. Қызметкерлер ескерткіштің шаңын сүртіп, жуып-шайып, айналасын жарқыратып шықты.

Тек тазалықпен шектелмей, мамандар монументтің зақымдалған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстарын да жүргізді. Уақыт өте келе мүжілген немесе сыртқы әсерлерден түсіп қалған мрамор плиталары мен қыштар қайта жапсырылды.

Біз бүгін республикалық «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясына бір кісідей атсалысып жатырмыз. Монументтің тұрғызылғанына біраз уақыт болды, сондықтан кейбір тұстары тоза бастағаны байқалады. Бояуы өшкен, тат басқан жерлері бар. Бүгін қолымыздан келгенше ұсақ жөндеу жұмыстарын жасадық. Бірақ алдағы уақытта күн жылынған соң, бұл жерді күрделірек ретке келтіруді жоспарлап отырмыз, – деді басқарма өкілі Рафик Сембинов.

Оның айтуынша, бұл саябақ – өскемендіктердің сүйікті демалыс орны. Мұнда қала жастары серуендеп, балалар ойнайды, сондықтан нысанның қауіпсіз әрі әдемі болуы маңызды.

«Нұрлы жол» – бірлік пен еркіндіктің символы

Айта кетейік, «Нұрлы Жол» монументі – Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын паш ететін маңызды нысан. Саябақтың дәл ортасында бой көтерген ескерткіштің биіктігі 22 метрді құрайды. Монументтің құрылымында терең мағына жатыр:

  • Көк тудың түсі: Мемлекеттік рәмізіміздің бояуымен әрленген;
  • Шаңырақ: Еліміздегі бейбітшілік пен ортақ үйіміздің белгісі;
  • Қыран: Қазақ елінің еркіндікке ұмтылған асқақ рухы мен кеңдігін бейнелейді.

Мұндай акциялар тек бір күндік науқан емес, қала тұрғындарының экологиялық санасын оятуға бағытталған қадам. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта монументтің бояуын жаңарту және тат басқан темір конструкцияларын өңдеу жұмыстары жалғаспақ.

Қала әкімдігі мен жауапты басқармалар тұрғындарды демалыс орындарында тазалық сақтауға, ортақ мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Себебі, мәдени мұраны сақтау – тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың парызы.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button