Басты жаңалықҚоғам

Өскемен қаласының әкімдігі жеделсатыны жөндеуге қаржы таппай отыр

Көпбалалы аналар 9-қабатқа жаяу шығып-түсіп жүр

Өскеменде 9 қабатты үйдің лифтісі мүлдем істемейді. Көпқабатты үй 2018-жылы пайдалануға берілген. Содан бергі 7 жылда жеделсатының жүргенініен тоқтағаны көп болған. Жиі бұзылады. Дәл қазіргі уақытта да өшіп тұр.

«Қыркүйек айының басында өшірді. Содан бері жаяу шығып-түсіп жүрміз. Балалы-шағалымыз. Далаға жиі шығамыз. Әбден қиналып болдық. Әкімдікке талай рет айттық. Бір қайыр болмады. Өткенде біреулер келіп тексеріп, лифтлеріңіз апатты жағдайда деп өшіріп кетті. Жөндегеніне 5 миллион теңге керек деді. Ауыстырсаңыздар 15 миллион теңге дейді. Ондай қаражатты жинап беретін біздің жағдайымыз жоқ«, дейді көпбалалы ана Есенгүл Қапарқызы.

Лифт былтыр 8 ай бойы тоқтап тұрған. Оның алдыңғы жылдары да талай тоқтап, тұрғындар мамандарды шақыртумен болған.

«Лифтіні жөндейтін мамандарды шақырамыз. Олар келеді де шұқылап-шұқылап кетеді. Нақты нәтиже шығарып істегенін көрмедім. Өзім осы үйге 2021-жылы көшіп келдім. Содан бері осы жеделсатыны толық қолданған емеспін. Үш күн істесе, үш ай тоқтап тұрады. Біз секілді қарт адамдарға, ұсақ балаларға қиын болды. Мен өмірімде мұндай қиыншылықты көрмедім «, деді Тоқтарбек Әдішев.

Ал қалалық тұрғын үй инспекциясының мамандары лифт 2018-жылы пайдалануға берілгенін айтты. Жеделсаты ескі болғандықтан жиі істен шығатын көрінеді. Сөздеріне сенсек, тұрғындар айтқандай қауіпті емес. Қазір негізгі қосалқы бөлшегін сатып алуға ақша таппай отыр екен.

«Қосалқы бөлшегін зауыттан алдыру құны 881 мың теңге. Ондай қаражат бізде жоқ. Сол себепті демеушілерді қарастырып жатырмыз. Егер демеушілер табылған жағдайда сол қосалқы бөлшекті алдырытып береміз», дейді Өскемен қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Әли Дидахметов.

Негізінен мұндағы пәтерлерді көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар, жетім балалар мен бюджеттік мекеме қызметкерлері алған. Пәтер иелерінің бұдан да басқа шағымдары бар. Үйдің төбесі мен қабырғасы жарылып, жаңбыр жауса су кіреді. Жертөлесі де жиі суға толып кетеді екен.

Жанель Жанболатқызы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button