Қоғам

Өскеменде көкөніс бағасын негізсіз өсіргендер анықталды

Өскемен қаласындағы көтерме базарлардың бірінде әлеуметтік маңызы бар көкөніс бағасын бірнеше есе қымбаттатқан кәсіпкерлердің ісі әшкере болды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Бағаның рұқсат етілген шектен тым асып кеткенін Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда департаменті мониторинг жүргізіп анықтаған. Мамандар электрондық шот-фактураларды талдау барысында сәбіз, картоп және қырыққабат бағасына қосылған үстеменің заңсыз екенін анықтады. Салыстырмалы деректер келесідей:

  • Сәбіз: Павлодардан 170 теңгеден алынып, 230 теңгеге дейін (35% үстемемен) сатылған.
  • Картоп: Ақпан айында 150 теңгеден сатып алынған өнім, наурызда 250–280 теңгеден (70-86% үстеме) өткізілген.
  • Қырыққабат: Өндірушіден 130 теңгеден алынып, 200–220 теңгеге (53-69% үстеме) бағаланған.

Бұл көкөністер көтерме базардан кейін қаланың «үй маңындағы» дүкендеріне түсіп, тұтынушыларға бұдан да жоғары бағамен сатылған. Заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын шекті сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс.

Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша өңірлік комиссия отырысы өтіп, жеке кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеру құжаттары дайындалуда. Егер заң бұзушылық ресми расталса:

  • Кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
  • Бағаны тез арада төмендету туралы нұсқама беріледі.

Егер сіз де дүкендерде әлеуметтік тауарлар бағасының негізсіз өскенін байқасаңыз, келесі мекенжайларға хабарласа аласыз:

Өскемен қаласы, 30-шы Гвардиялық дивизия көшесі, 22. Байланыс телефоны: 8 (7232) 26-72-07. Онлайн: «E-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button