Қоғам

М.Сүйіншәлі 3,9 млрд теңгеге халықты алдады деген күдікке ілінді

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәліге қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті «Nura Elite» коттедж қалашығын саламын деп, ондаған адамның миллиардтаған қаражатын иемденген, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2021–2024 жылдар аралығында Сүйіншәлі «Nura Elite» жобасы аясында 37 коттедж бен 24 таунхаус салуды уәде еткен. Міндеттемелер 2023 жылдың соңына дейін орындалуы тиіс еді. Бірақ бүгінгі күнде таунхаустардың тек қаңқасы ғана тұр, құрылыс тоқтап қалған. 56 адам жәбірленуші деп танылып, келтірілген шығын көлемі 3,9 млрд теңгені құрады.

Қаржы мониторингі агенттігі тартылған қаражаттың мақсатсыз жұмсалғанын анықтады. 322 млн теңге күдіктінің өзіне, жұбайына және анасының есепшоттарына аударылған. 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қаражаттың бір бөлігі Астанадағы «Асылхан» ТҮК құрылысына арналған жер телімін сатып алуға жұмсалған.

Тергеу барысында күдіктінің заңсыз әрекеттерінің беті ашылды:

  • Қайта сату: Бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату фактілері тіркелген. Мысалы, бір жәбірленуші толық төлеген коттедж кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғаларға бірнеше рет қайта сатылған.
  • Құқықсыз сауда: Сүйіншәлі жер учаскелеріне құқығы болмаса да, оларды иеліктен шығару туралы шарттар жасасқан.
  • Жалған қайырымдылық: Ол Перизат Қайраттың «Біз біргеміз» қоры арқылы мұқтаж жандарға пәтер беретінін айтып, БАҚ-та жарнама жасаған. Іс жүзінде ол тұрғын үй кешенінің құрылысы тіпті басталмаған, рұқсат құжаттары да болмаған.

Сот санкциясымен Мөлдір Сүйіншәліге қатысты «үй қамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button