Басты жаңалықҚоғам

Жарылыстың жайын О.Бектенов жеке бақылауына алды

Өскемендегі «Казцинк» зауытында болған жарылысқа қатысты тергеуді Премьер-Министр Олжас Бектенов жеке бақылауына алды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология министрлігі және облыс әкімдігіне нақты тапсырмалар беріп, жағдай бойынша толық есеп ұсынуды талап етті.

Өскеменде болған жарылысқа қатысты таңертең қажетті тапсырмаларды бердім. Төтенше жағдайлар, Экология министрліктері, облыс әкімдігі қажетті шаралар қабылдап, маған баяндаңыздар. Мәселе менің жеке бақылауымда болады, – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Алдын ала деректер бойынша, оқиға салдарынан 4 адам зардап шеккен. Қазір құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізіп, үйінділерді аршып, өртті толық сөндірумен айналысуда.

Бейресми мәліметке сенсек, мерт болғандар бар. Бұл туралы жекелеген топтық чаттарда тарап жатыр.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде бүгін таңертең Өскемендегі зауыттардың бірінің аумағынан қалың қою түтін шыққаны жайлы видео тарады. Кейін «Казцинк» компаниясының өндіріс орнында жарылыс болғаны хабарланды.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button