Өскеменде Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концерт өтті

7 мамыр – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні әрі нағыз ер мінезді азаматтардың төл мерекесі. Осы айтулы датаға орай Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында ауқымды мерекелік іс-шаралар тізбегі өтті. Қаланың сәніне айналған «Өскемен» аллеясы бұл күні халықтың басын қосқан басты мәдени ошаққа айналды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Сағат тілі 11:00-ді көрсеткенде «Өскемен» аллеясының аумағы салтанатты марш пен патриоттық әндердің әуеніне толды. Мерекелік концерттің шымылдығы еліміздің айбынын асқақтататын шығармалармен ашылып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сахна төрінде қаланың ең үздік шығармашылық ұжымдары, кәсіби өнерпаздар мен жас таланттар өнер көрсетті. Олардың орындауындағы «Атамекен», «Көк тудың желбірегені» сынды рухты әндер көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Концерттің басты ерекшелігі – оның тек ойын-сауық емес, сонымен қатар тәрбиелік мәнінің жоғары болуында. Шара барысында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүрген әскери қызметкерлер салтанатты түрде марапатталды. Оларға көрсетілген құрмет – кейінгі ұрпақ үшін үлкен үлгі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени іс-шаралар қала тұрғындарының бірлігін нығайтып, жастар арасында патриоттық сезімді оятуға, елге деген сүйіспеншілікті арттыруға тікелей ықпал етеді.
Ел ағаларының есті сөзі: Мерекеге деген көзқарас
Мерекелік шараға жиналған қала тұрғындары мен еңбек ардагерлері бұл күннің маңызы туралы өз ойларымен бөлісті. Олардың пайымынша, 7 мамыр – жай ғана күнтізбедегі қызыл күн емес, бұл мемлекеттің іргесін бекемдеуші күш – армияның мерейі үстем болатын күн.
Қасымбек Оралбайұлы есімді қала тұрғыны бұл мерекенің болашақ ұрпақ үшін маңызы зор екенін айтады. Оның пікірінше, Сағадат Нұрмағамбетов сынды біртуар тұлғалардың салған сара жолын насихаттау – бүгінгі күннің басты міндеті.

Жастар үлкендерге қарап бой түзейді, патриоттық намысы оянады. Немерелеріміз бен балаларымыз осындай шаралардан тәрбие алады. Ең басты тілегіміз – ел іші тыныш, сыртқы жаудан аман болсын. Соғыс өрті тұтанбай, Қазақстанымыз өркендей берсе екен, – дейді ол.
Сондай-ақ, Қасымбек ақсақал бұл күнді отбасылық дәстүрге айналдырғанын, үйде бала-шағасымен жиналып, өткен заманды еске алып, бақилық болған үлкендерге Құран бағыштайтынын жеткізді. Өзі зейнеткер болса да, әлі күнге дейін еңбектен қол үзбеген азамат еліміздің дамуына үлес қосу әрбір адамның парызы екенін атап өтті.
Тағы бір қала тұрғыны Оспанов Мейрамғазы бұл мерекенің тарихи сабақтастығына тоқталды. Оның айтуынша, бұрын бұл мереке 23 ақпанда тойланса, қазір Тәуелсіз Қазақстанның өз төл мейрамы ретінде қалыптасты.

Бұл – азаматтар мен жауынгерлердің мерекесі. Менің екі атам да соғыс ардагері болған. Бүгінде біз бұл күнді отбасымызбен бірге атап өтеміз. Алдымен үйде жиналып, кейін қалалық деңгейдегі концерттерге қатысамыз. Тәуелсіз еліміздің қорғанысын күшейтіп жүрген сарбаздарды құттықтау – біз үшін үлкен мәртебе, – дейді Мейрамғазы Оспанов.
Өскемен қалалық «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы, Ауған соғысының ардагері, зейнеттегі подполковник Фролов Олег Геннадьевич мерекенің кәсіби және мемлекеттік деңгейдегі салмағын ерекше атап өтті. Әскери адам ретінде ол бұл күнді бүкіл Қазақстандағы және бұрынғы Кеңес Одағы елдеріндегі қаруластарымен байланысқа шығып, құттықтаудан бастайтынын айтты.
Олег Геннадьевичтің сөзіне сүйенсек, қаламызда жастарды әскери өмірге баулу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Айбын» (бұрынғы «Зарница») әскери-патриоттық ойыны. Биылғы жылы бұл сайыс 29 сәуірде ұйымдастырылып, оған 380-ге жуық оныншы сынып оқушылары қатысқан.

Ойын екі кезеңнен тұрды: біріншісі – әскери-қолданбалы спорт түрлері, екіншісі – тактикалық дайындық. Оқушылар тек жарысып қана қоймай, шынайы шайқастардың реконструкциясына қатысып, тарихты сезінді. Әсіресе, 238-атқыштар дивизиясының Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі мен кейіннен 30-гвардиялық дивизия атағын алуы сияқты тарихи деректер жастардың санасында жаңғыруы тиіс, – деп атап өтті подполковник.
Сондай-ақ, ол шара барысында жас сарбаздар үшін арнайы әскери ботқа дайындалып, олардың әскери өмірдің тыныс-тіршілігін тереңірек түсінуіне жағдай жасалғанын айтты.

7 мамыр – тек әскерилердің ғана емес, бүкіл халықтың мерекесі. Өскеменде өткен бұл салтанатты жиын осыны тағы бір мәрте дәлелдеді. Аллея бойындағы халықтың қуанышты жүзі, ардагерлердің ғибратты әңгімесі мен жастардың жалындаған жанары – еліміздің болашағы сенімді қолда екенінің көрінісі. Отанды қорғау – қасиетті борыш, ал оны ұлықтау – ұрпақтар сабақтастығының кепілі.
Мерекелік шаралар өңірде әлі де жалғасын таппақ. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта Жеңіс күніне арналған ауқымды бағдарламалардың дайын екенін хабарлады.
Аймарал Шалабаева
Суреттер автордікі



