Қоғам
Заң және тәртіп: елордада есірткі құқықбұзушылықтарына қарсы ауқымды акциялар өтті
02.10.2025
10

Елордада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қала прокуратурасының үйлестіруімен есірткі қылмыстарына қарсы айлық жалғасуда. «ЖасҮміт» жобасы аясында Бейбітшілік және келісім сарайында «ЖАСТАР ҚАРСЫ – БІЗБЕН БІРГЕ!» ұранымен «ZERTTEME» атты есірткіге қарсы шара өтті. Оған жасөспірімдер мен елордалық жастар қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Кездесу мектеп оқушыларына, колледж және ЖОО студенттеріне, сондай-ақ этномәдени қауымдастықтардың өкілдеріне арналды. Мақсат – жастарды орны толмас қателіктерден сақтандыру.
Іс-шараны қалалық прокуратура, елордалық Білім басқармасы және Сарайшык ауданы әкімдігі ұйымдастырды. Шараға 8 ЖОО, 20 колледж және 10 мектептің студенттері мен оқушылары қатысты.
«Астанада прокуратура, білім басқармасы, жастар саясаты басқармасы өкілдері мен спортшылардан құралған 16 мобильді топ жұмыс істейді. Жұмысшы топ мүшелерінің міндеті – мектеп оқушылары мен студенттерімен кездесулер өткізу. Бүгінге дейін олар 40-қа жуық ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткізіп, 40 мыңнан астам оқушыны қамтыды. Бүгінгі жұмысымыздың басты мақсаты – жасөспірімдер мен жастарда зиянды әдеттерге қарсы тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру, сондай-ақ олардың әлеуметтік-құқықтық сауаттылығын арттыру, – деді Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова.
Кездесу барысында құқық қорғаушылар қатысушыларға есірткінің зиянды әсері мен есірткі бизнесіне тартылу қаупі туралы бейнеролик көрсетті.
«Жыл басынан бері елордалық прокуратура жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Жас үміт» жобасын жүзеге асырып келеді. Сонымен бірге, Астанада нашақорлықтың алдын алу бойынша айлық өткізілді.
Оның аясында түрлі іс-шаралар өтті. Белгілі блогерлер өз қатарластарына зиянды әдеттер жайында түсіндірді, сондай-ақ бір ай бойы спорттық шаралар ұйымдастырылды. Біз қала әкімдігімен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен 100-ден астам іс-шара өткізілді. Білім беру ұйымдарымен қатар, адамдар көп жиналатын орындарда – елордалық базарларда да ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Біздің мақсатымыз – аудиторияға заң алдында бәрінің тең екенін жеткізу», – деп атап өтті Астана қаласы прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Құдабаев.
Елордада жүзеге асырылып жатқан есірткіге қарсы айлық сияқты шаралар халықтың хабардарлығын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ есірткі қылмыстарына және қоғамдық қауіпсіздікке төнетін өзге де қатерлерге қарсы күресте бірлескен әрекетті күшейтуге маңызды рөл атқарады.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар кешені бірлескен рейдтерді, оқу орындарындағы алдын алу әңгімелерін, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмыстарын қамтиды.
02.10.2025
10