Басты жаңалықҚоғам

Зайсан мен Катоқарағай әуежайлары жыл соңына дейін іске қосылады

Шығыс Қазақстан облысында көлік қолжетімділігі мен туристік әлеуетті арттыру мақсатында авиация саласын дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Үкімет отырысында аймақтағы ауқымды жобалардың барысын баяндады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Фото ШҚО әкімінің ресми парақшасынан алынды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстың екі ауданында жаңа әуежайлардың құрылысы аяқталуға жақын. Зайсан әуежайының ұшу-қону жолағы, перрон және рульдеу жолы толық бітті. Яғни құрылыстың 76 пайызы дайын. Осы жазда аяқталады.

Ал Катонқарағай әуежайы құрылысының 55 пайызы дайын. Қазір жолаққа асфальтбетон төсеу және инженерлік желілерді тарту жұмысы жүргізілуде. Нысан күздің басында дайын болады.

Қажетті сертификаттау рәсімдерінен кейін екі әуежай да жыл соңына дейін толық пайдалануға беріледі. Нысандарды «Өскемен әуежайы» АҚ басқарады және әрқайсысында 57 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Алғашқы кезеңде Зайсан мен Катонқарағайдан Өскемен, Астана және Алматы қалаларына ішкі рейстер ашылады. Кейіннен халықаралық бағыттарды дамыту көзделіп отыр.

Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі

Шығыс Қазақстанда Өскеменнен Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Түркістан қалаларына субсидияланатын әуе рейстерін ашуға қызығушылық бар. Тиісті өтінімдер Көлік министрлігіне жолданды. Осы жобалардың жүзеге асуы өңірдегі жолаушылар ағынын жылына 700 мыңнан 800 мың адамға дейін арттырып, туризмнің дамуына серпін береді, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс орталығының әуежайында заманауи технологиялар белсенді енгізілуде:

  • Жолаушылар мен багажды тіркеудің автоматтандырылған жүйесі;
  • Цифрлық ақпараттандыру және жаңа бейнебақылау жүйелері;
  • Электронды құжат айналымы мен әуе тасымалын басқару бағдарламалары.

Үкімет отырысында Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енгені және ICAO стандарттарына толық сай келетіні айтылды.

Биыл елімізде 11 халықаралық әуе бағыты (соның ішінде Астана – Ұлан-Батыр, Алматы – Токио, Алматы – Измир, Қостанай – Ташкент) ашылады. Сондай-ақ, кадр тапшылығын жою мақсатында соңғы 4 жылда авиация мамандықтарында оқитын студенттер саны 72%-дан астам өскен.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button